Павлодарлық жүргізушінің түнгі жарысы алты хаттамамен аяқталды

Павлодарлық жүргізушінің түнгі жарысы алты хаттамамен аяқталды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Желідегі видео полиция назарын бірден аудартты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында BMW автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған бейнежазба тарады.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, тексеру нәтижесінде құқық бұзушының жеке басы анықталып, оған жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін алты әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, көлікте қауіпсіздік белдігін тақпай отырған жолаушы да әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қазіргі уақытта мұндай деректер ерекше бақылауда. Әлеуметтік желілерге мониторинг тұрақты түрде жүргізіледі. Ал анықталған барлық құқық бұзушылықтарға құқықтық баға беріледі.

Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жолаушыларды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әр адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын еске салды.