Қытай қазақтары жаңа жылды қалай қарсы алады?
Қытайдағы қазақтар бір жылда үш жаңа жыл тойлайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қытайда жаңа жылды дүбірлетіп тойлаудың дәстүрге айналғанына көп болған жоқ. Себебі, қытай халқының шығыс күнтізбесі бойынша жаңа жылы болса, қазақтарда наурызды жаңа жыл ретінде бас қосып, мерекелік шаралар ұйымдастырып, думанды той жасап күтіп алады.
- Қаңтар айының келгені жаңа жыл емес, көктемнің келіп, бар әлемнің гүлденіп, көркейгені біз үшін жаңа жыл болып есептеледі. Алайда желтоқсанның соңғы күні ескі жылды шығарып салу біз тұрып жатқан мемлекетте қалыптаса бастаған соң бізде отбасымызбен бас қосып, жаңа жылды жақсы ықыласпен күтіп алатын болдық, - дейді Әсия атты қытай қазағы.
Оның айтуынша, бала кезінен Аяз ата ақшақардың келуін күтпейтін, тіптен олардың кім екенін де білмейді. Ал Зеңгі Баба, Ойсылқара, Қамбар ата, Шопан деп төрт түліктің пірілерінің атын жаттап өскен.
- Бала кезімізден бастап жаңа жылды қарсы аламыз деп керемет дайындалу болмайтын. Оның орнына керісінше наурызда әр үйге барып көже ішіп мәз болатынбыз, - деп ол балалық шағын еске алды.
Ғасырлар бойы Шығыс Түркістанды мекен етіп келе жатқан қазақтар тарихтың қатал өзгерісімен арғы бетте, бөтен елдің басқаруында қалып қойса да өздерінің қазақ екендіктерін естерінен шығармай, салт-дәстүрлерін дәріптеп, қазақ тілін сақтап, өз тілдірінде ұрпақтарын тәрбиелеп келеді.
Жаңа жылды кереметтей етіп тойламаса да өз үйлерінде дастархан жасап, қуанышпен жаңа жылдың келуін күтеді.
- Қытай халқы өз ұлттық жаңа жыл мерекелерінде мемлекет бойынша ұзақ уақыт демалыс жаряланып, сыртта жүргендердің бәрі отбасыларына оралып, бас қосады. Ал біз ол жаңа жылды ешқандай тойламаймыз, - деді ол.
Қытай қазақтарынан басқа Моңғолия қазақтары да жаңа жылды өз халқының мерекесі ретінде тойламайды. Екі мемлекеттің басқаруында тұрса да салт-дәстүрді сақтап келген қандастарымыз өзге елде керемет сезілетін жаңа жылдың тойлануы емес, өз ұлтымыздың жаңа жылымыз – Наурыз мерекесінің тойлануы маңызды деп есептейді.