«Қимақ-ART»: Павлодарда заманауи суретшілердің туындылары көрмеге қойылады
Танымал суретшілер бірнеше күн бойы Баянауылдың көрікті жерлерін аралап, қағаз бетіне түсірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
9 тамызда 16:00-де Н. Нұрмұхаммедов атындағы облыстық көркемсурет музейінде «Қимақ-ART» жобасының «Таулар мен көлдердің палитрасы» атты қорытынды көрмесі ашылады.
– «Қимақ-ART» жобасы ата-бабаларымыздың мәдени мұрасын, өнері мен дәстүрлерін насихаттауға бағытталған. Жасыбай көлінде, археологиялық қазба орындарында және осы аумақта X–XI ғасырларда табылған қоныстардың мекенінде республикалық пленэр өткізілді,– деді облыстық музейде.
Көркем пейзаждар, флора мен фаунаның алуан түрлілігі, осы аймақтың ежелгі көшпелі мәдениетінің бірегей ескерткіштері көптеген қала суретшілерін қызықтырды. Жобаға Астана, Алматы, Орал, Көкшетау, Қарағанды қалаларының танымал суретшілері және қаламыздың жас суретшілері қатысты.
Пленэр аяқталғаннан кейін «Қимақ-ART» жобасының қатысушылары «Таулар мен көлдер палитрасы» қорытынды көрмесінде Баянауыл көріністерінен шабыттанған өз туындыларын ұсынады. Көрмеде Нұрлан Абдыкалыков, Асылбек Сержан, Ренат Елубаев, Бақытнұр Бурдеспеков, Наталья Булгакова, Юлия Желобкова, Ерсін Темірғалиев, Жаңабек Жұмабеков, Анар Аубакирова сияқты заманауи суретшілердің туындылары ұсынылады. Сондай-ақ, көрмеге Павлодар қаласының Анна Аткина, Наталья Решетова, Айдана Мерғалиева, Медет Канленов, Юлия Коваленко және Ратмира Рафиков сынды дарынды суретшілері қатысады.