Ақсу қаласының барлық ауылдық аймағына қашан жол төселеді?
Биыл бес ауылдың кірме жолы жасалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барды. Іс-сапар барысында Ақсу қаласы әкімінің орынбасары Марат Зенов биылғы жоспардағы асфальттау жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
– Биыл 854 миллион теңгеге 5 ауылдың кірме жолы асфальтталатын болады. Бұл – Үштерек, Дөнентаев, Көктерек, Еңбек, Бөріктал ауылдары. Жол салудың жалпы аумағы 13,5 шақырымды құрайды, – дейді Марат Зенов.
Қала әкімі орынбасарының айтуынша, келесі жылы жоспарда 7 ауылдың кірме жолын асфальттау көзделген. Бұл жолдар жасалатын болса, Ақсу қаласы ауылдық аймағы толықтай 100 пайыз асфальтталатын болады.
Айта кету керек, 2025 жылы 458 миллион теңгеге 7 ауылдың кіреберіс жолына асфальт төселеді. Олар – Қаракөл, Ребровка, Құркөл, Суаткөл, Төртқұдық, Қызылжар, Омаров ауылдары.