Павлодарда 500 домбыра бір мезетте күмбірлейді
19 наурыз күні Batyr Mall сауда орталығында Наурыз мерекесіне орай ауқымды музыкалық шара өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Күй күмбірі» республикалық акциясы аясында 500 домбырашы қазақтың белгілі күйлерін бір мезетте орындайды.
Шара барысында сауда орталығы нағыз ашық алаңдағы филармонияға айналып, күмбірлеген күй әуені қала кеңістігін кернейді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл тек концерт емес, ұлттық өнерді дәріптейтін мәдени бастама.
Бағдарламада қазақ күй өнерінің алтын қорына енген туындылар орындалады. Атап айтқанда, Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса», Құрманғазы Сағырбайұлының «Сарыарқа», Дәулеткерей Шығайұлының «Көроғлы» күйлері және халық күйі «Тепең көк» шырқалады.
«Күй күмбірі» республикалық домбырашылар челленджі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Аймақтағы шараны Павлодар облысының білім беру басқармасы өткізеді.
Жобаның басты мақсаты – ұрпақтар сабақтастығын көрсету. Бір сахнада жас домбырашылар мен олардың ұстаздары өнер көрсетіп, домбыраның ұлттық болмыстың маңызды белгісі екенін паш етеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара павлодарлықтарға Наурыз мейрамының рухын сезіндіріп, ұлттық өнер арқылы бірлік пен мақтаныш сезімін арттыруға бағытталған.