Ұят емес: «Қайрат» «Копенгагенге» қарсы ойынның соңғы секундтарына дейін арпалысты

Ұят емес: «Қайрат» «Копенгагенге» қарсы ойынның соңғы секундтарына дейін арпалысты
Фото: @f.c.kairat

Дастан Сатпаев Чемпиондар лигасында гол соққан тұңғыш қазақ ойыншысы атанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматылық «Қайрат» УЕФА Чемпиондар лигасының Лига кезеңіндегі бесінші матчында даниялық «Копенгагенге» 3:2 есебімен есе жіберді. Жеңіліске қарамастан, қазақстандық клуб матч соңында екі гол соғып, мінез көрсетті. Кездесу Копенгагендегі «Паркен» стадионында өтті.

Бастапқы құрамдар

«Қайрат» матчты қақпашы Темірлан Анарбековпен (77) бастады. Қорғаныста Сұлтанбек Тапалов (28), Егор Сорокин (80), Александр Широбоков (25) және Александр Мрынский (24) ойнады. Жартылай қорғаушылар ретінде Валерий Громыко (55), Дамир Қасаболат (4), Жоржиньо Монтейро (10) және Глейзер (7) шықты. Шабуыл шебінде Дастан Сатпаев (9) пен Эдмилсон Фильо (26) өнер көрсетті.

«Копенгаген» келесі құрамда алаңға шықты: қақпашы – Доминик Котарски (1); қорғаушылар – Дзюнносукэ Судзуки (20), Габриэл Перейра (5), Пантелис Хацидиакос (6) және Маркос Лопес (15); жартылай қорғаушылар – Лукас Лерагер (12), Уильям Клем (36), Роберт Сильва (16), Виктор Клаессон (7); шабуылшылар – Йордан Ларссон (11) және Виктор Дадасон (17).

Қонақ команданы Рафаэль Уразбахтин, ал алаң иелерін дат маманы Якоб Нееструп жаттықтырады. Матчқа шотландиялық төрешілер бригадасы Николас Уолштың жетекшілігімен қызмет етті, VAR жүйесін ағылшын Майкл Салисбери бақылады.

Матч қалай өтті

Кездесудің бірінші бөлімі «Копенгагеннің» басымдығымен өтті: алаң иелері допқа шамамен 60% иелік етті. 12-минутта Жоржиньо Монтейро Эдмилсонның пасынан кейін алғашқы соққы жасады. Алайда 26-минутта Роберт Сильваның пасынан соң Виктор Дадасон есеп ашты – 1:0.

33-минутта Темірлан Анарбеков Клаессон мен Дадасонның соққыларын қайтарып, қос сейв жасады. 35-минутта Сатпаевтың айып добынан жасаған күшті соққысы қақпадан сәл қиыс кетті. Алғашқы тайм алаң иелерінің 1:0 есебімен пайдасына аяқталды.

Екінші таймның басында «Қайрат» гол соғуға жақын болды: 52-минутта Тапалов алыстан бағыттаған доп қақпа маңдайшасына тиді. 57-минутта VAR тексерісінен кейін Дамир Қасаболаттың допты қолымен ойнағаны анықталып, пенальти белгіленді. Ларссон 59-минутта он бір метрлікті дәл орындап, есепті еселеді – 2:0.

73-минутта Роберт Сильва тағы бір дәл соққымен есепті ұлғайтты – 3:0.

«Қайраттың» қызу қарсылығы

Үлкен есеп байқалғанымен, алматылықтар беріспеді.

81-минутта Котарскидің қателігін пайдаланған Дастан Сатпаев допты іліп әкетіп, қақпаға дәл бағыттады.

90-минутта Тапаловтың өкшемен берген керемет пасынан кейін Зария допты Байбекке жеткізді, ал жас ойыншы есепті 3:2-ге дейін қысқартты.

Қосымша уақытта төреші Мрынскийге, Тапаловқа, Рикардиньоға және Сатпаевқа ескерту жасады – бұл матч соңында шиеленістің артқанын көрсетті.

Бұл жеңіліске қарамастан, Дастан Сатпаев Чемпиондар Лигасында гол соққан тұңғыш қазақстандық ойыншы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Матч соңында допқа иелік ету көрсеткіші «Копенгаген» пайдасына шешілді – 55%. «Қайрат» командасы стадионға келіп, қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғыс білдірді.

Алматылықтар Чемпиондар лигасындағы келесі матчын 9 желтоқсан күні, Астана уақытымен 20:30-да, өз алаңында Грекияның «Олимпиакос» клубына қарсы өткізеді.