Павлодарда «футбол концерті» өтеді
Бүгін «Ақсу» өз алаңында Премьер-лига көшбасшысы – «Астананы» қабылдайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Вахид Масудов командасының қазіргі жағдайы өте нашар деуге әбден болады. Команда алты матч бойы жеңілістен көз ашпай келеді. 10 турдан кейін «Ақсу» турнир кестесінің 13-орнында келеді. Биылғы маусым қорытындылары бойынша үш команда Премьер-лигамен қоштасатынын есептесек, «Ақсуды» 11-орыннан алты ұпай бөліп тұрғанын аңғаруға болады.
Өткен турда Вахид Масудов шәкірттері бір ұпайға ие болатын мүмкіндікке ие болған. Алайда «Шахтер» соңғы минуттарда жеңісті жұлып алды. «Ақсудың» бүгінгі қарсыласы да соңғы минуттарда «Қызылжармен» өткен матчта биылғы маусымның үздік жаңа есімі – «Қызылжарды» қапыда қалдырды.
Төрешінің даулы шешімдеріне толы матч аса тартысты өтті. Алайда «Астананың» чемпионат көшбасшысы екендігіне күмән келтіре алмайды. Ойыншылар шеберлігі бойынша да «Астана» Қазақстанның сөзсіз үздік клубы. Қорғанысты Вараздат Ароян мен Жарко Томашевич мықтайды. Орталық шепте Аслан Дарабаев, Эльхан Астанов, Макс Эбонг және Марин Томасов секілді тамаша футболшылар бар. Марин Томасов бірте-бірте бабына ене бастаған сыңайлы. Форвард Абат Айымбетов те кез келген жерден доп соғып кете алатынын матч сайын дәлелдеп жүр.
Көріп тұрғаныңыздай, «Ақсудың» бүгінгі матчта ұпай алуы аса күрделі мәселе. Алайда футболда алпауыттар жеңе бермейді. 2022 жылы «Ақсу» «Астананы» ұтқан болатын. Бірақ бұл мүлде басқа әңгіме.
Матч Орталық стадионда сағат 20:00-да өтеді. Ойынға бір сағат қалғанда көрермен алдында Mona Songz (Манарбек Жұматай) ән айтады.
Павлодар тумасы 2014 жылдан аталмыш лақап атпен белгілі. 2018 жылы ол «Песни на ТНТ» жобасына қатысып, сол арқылы ТМД елдеріне танымал болды.
Тағы бір айта кететін жайт, стадион кассалары алдында «Ақсу» футбол клубының ресми фан-дүкені жұмысын бастады. Онда шарф сатып алған жанкүйер бағалы сыйлықтар ұтып алуы мүмкін.