«Ақсу» Премьер-лигадан ресми түрде шығып қалды

«Ақсу» Премьер-лигадан ресми түрде шығып қалды

Павлодарлық футбол клубы элиталық дивизионда екі жыл ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеше команда өз алаңында «Қайсарды» қабылдап, 2:0 есебімен жеңді. Турнирлік жағынан барлық мотивациядан айырылған қызылордалықтар Евгений Кобзарь мен Дінмұхамед Қараманның гол соғуына тым қатты қарсылық көрсете қоймады. 

Алайда, «Ақсу» тағдыры Петропавлда шешіліп жатты. Қатар өткен матчта «Оқжетпес» сырт алаңда «Қызылжардан» басым түсіп, «Ақсу» үшін жете алмас 25 ұпай жинады. Осылайша павлодарлықтар Премьер-лигада қалатындай барлық мүмкіндіктерден айырылды.

- Қос тараптан да жақсы ойын болды, - деді матчтан кейін «Ақсудың» бас бапкері Вахид Масудов. – Қарсылас барынша тырысты. Біз де біраз мүмкіндікті пайдалана алмадық. Дегенмен, бар күшін салып, білгенін көрсетуге тырысқан шәкірттеріме алғыс айтамын. Біздің команда басқалардан ешбір кем емес. Бірақ, жағдай солай болды. Командаға қолдау көрсетіп жүрген жанкүйерлерге рахмет.

«Ақсудың» Премьер-лигада ойнайтын екі матчы қалды. 21 қазанда команда Алматыда «Қайратқа» қарсы, ал 29 қазанда Павлодарда «Тобылға» қарсы ойнайды.

Фото: Валерий Бугаев