80 жастан асқан павлодарлық ұстаз өлкенің тарихын кітапқұмарлықпен зерделейді

80 жастан асқан павлодарлық ұстаз өлкенің тарихын кітапқұмарлықпен зерделейді
Фото: автор

Ол аптасына кемінде бір кітапты оқып тауысады,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының фойесінде ерекше мерекелік шара өтті. Мұнда дәстүрлі түрде жылды қорытындылап, ең белсенді оқырмандарды марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. 

Кітапхана қызметкерлері оқырмандардың жыл бойғы белсенділігін сараптап, арнайы формулярлар бойынша талдау жүргізген. Соның нәтижесінде түрлі жастағы 12 үздік оқырман таңдалып алынды. Олардың арасында «оқырман отбасы», «жас оқырман», «жаңадан қосылған белсенді оқырман», «үздік дәстүрлі оқырман» сынды номинациялар бар.

– Жеңімпаздардың жасы да әрқилы: ең жас оқырман 23 жастағы студент болса, ең үлкен марапат иесі 80 жастан асқан кітапқұмар. Бұл кітаптың ұрпақтар сабақтастығын байланыстыратын үлкен құндылық екенін дәлелдейді, – дейді С.Торайғыров атындағы әмбебап ғылыми кітапханасының абонемент секторының меңгерушісі Гүлнар Жұмабаева. 

Әрбір үздік оқырманға арнайы диплом, әдеби кітап, сондай-ақ тәтті сыйлықтар табысталды. 

– Біз сыйлық ретінде жай ғана кітап емес, әр оқырманның қызығушылығына сай әдебиет таңдадық. Біреуіне детектив, екіншісіне қазақ фольклоры немесе заманауи әдебиет берілді. Бұл – олардың қуанышын еселеп, оқуға деген құштарлығын арттырудың бір жолы, – дейді Гүлнар Жұмабаева.

Павлодарлық ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Сөз сыры» поэзия клубының жетекшісі Шолпан Байғалы үздік оқырмандарға дипломдар мен сыйлықтарды табыстап, ізгі тілегін білдірді.

–  Кітаптың адамға деген пайдасы болашаққа ұмтылыс жасайды. Интернет желісінен қарағанда, кітаппен дос болыңыздар, – деді ол.

Оқырмандардың ішінде 30 жылдан астам уақыт география және биология пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған ардагер ұстаз Мақтай Әлімбаева бар. Қазір зейнеткерлікке шықса да, уақытын бос өткізбей, облыстық кітапхананың белсенді оқырмандарының біріне айналған. Ол күн сайын кітап оқуды әдетке айналдырған, әсіресе туған өлке тарихына, жергілікті тұлғаларға арналған еңбектерді ерекше қызығушылықпен зерделейді.

– Кітапханаға алғаш келгеннен бері көзім ашылғандай күй кештім. Шоқан Уәлиханов, Иса Байзақов, Әзілхан Нұршайықов, Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалар туралы кітаптарды оқып, олардың өмір жолымен жақынырақ таныстым. Бос уақытымды кітаппен өткізу – мен үшін үлкен қуаныш. Аптасына бір кітап оқып бітіруге тырысамын, себебі білімнің, тарихтың, туған жердің қадірін кітап арқылы сезінесің, – дейді Мақтай Әлімбаева.

Оған өзі сүйіп оқитын тарихи тақырыптағы кітап сыйға тартылды. Бұл шара – тек марапат қана емес, оқырмандарға деген алғыс пен шабыт.