Павлодар облысында шенеуніктерді артық жұмысқа жеккен басшылар жазаланды

Павлодар облысында шенеуніктерді артық жұмысқа жеккен басшылар жазаланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

117 мемлекеттік қызметші артық жұмыс істеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс бойынша ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің мәліметінше, 13 басшы, оның ішінде облыстағы бір қаланың және бір ауданның әкімі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 89-бабы — «Жұмыс уақытының нормасын заңсыз асыру» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Қызметкерлерді артық жұмысқа жеккен лауазымды тұлғалардың бірі 20 АЕК, яғни 78 640 теңге көлемінде айыппұл төледі.

– Жыл басынан бері 220 мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді, – деді ведомство өкілдері. – Мысалы, жұмыс уақыты режиміне жүргізілген мониторинг нәтижесінде 100-ден астам факті тіркелді. Мемлекеттік қызметшілерге тынығу сағаттары берілді.

Артық жұмыс уақыты көбіне 30 минуттан екі сағатқа дейін болған.

Сонымен қатар, мониторинг барысында іссапар шығындары төленбеген, не қызметкерлер оқуға жіберілмеген 103 жағдай анықталды.

Еске сала кетейік, іссапар шығындарын өтеу бойынша жүргізілген талдау нәтижесінде 69 мемлекеттік қызметшіге 7 миллион теңгеден астам қаражат төленген.