Павлодар облысында браконьерлер азайды

Павлодар облысында браконьерлер азайды

Мұндай нәтижеге ірі айыппұлдардың нәтижесінде қол жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz .

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Нұржан Қазтай мәлім етті.

Биыл қорғау заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 640 мың теңгеге айыппұл салынды. Браконьерлер көбінесе Ақтоғай, Ертіс, Аққулы ауданының тұрғындары. Рейдтер барысында синтетикалық көп талшықтан жасалған 13 заңсыз қолданылатын балық аулау құралы мен үш қайық тәркіленді,–дейді Нұржан Қазтай.

Оның айтуынша, заңсыз балық аулайтын тұрғындардың қатары азайып келеді.

Жылдан жылға құқық бұзушылар саны төмендеді. Бұл ірі айыппұлдармен байланысты десек те болады.   Мысалы, жеке тұлғаға 10 АЕК салынса, шағын кәсіпкерлік субъектісіне 30 АЕК, орташа кәсіпкерлік субъектісіне 50 АЕК, ал үлкен кәсіпкерлік субъектісіне 100 АЕК-ке дейін айыппұл салынады,–дейді спикер. 

 Нұржан Қазтайдың сөзінше, былтыр облыста уылдырық шашу кезеңінде 36 заңсыз балық аулау фактісі тіркелген.

Ал биыл заңсыз балық аулау бойынша 110 хаттама толтырылған, оның ішінде 14 материал соттарға қарауға жіберілген. Жалпы сомасы 2 млн 311 мың теңгеге айыппұл салынды, 1 млн 760 мың теңге өндірілді. 

Айта кетейік, аймақта 15 сәуірден 30 мамырға дейін барлық балық шаруашылығы су айдындарында балық аулауға тыйым салынған болатын.

Еске сала кетейік, биыл облыста уылдырық шашу кезеңінде алматылық екі тұрғын заңсыз бір тоннаға жуық мөңке балығын аулады. Жалпы бақылаудағы аумақта табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 27 фактісі анықталды.

Фото: Константин Шелков