Ақсуда жойқын дауылдың салдары толығымен жойылу үшін біраз жұмыстар қалды

Тамыздың аяғына дейін бүкіл зардап шеккен нысандар қалпына келтіріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов жұмыс сапарымен Ақсу қаласына барды. Оған қала әкімі 19 маусымда соққан қатты желден кейін қандай жұмыстар атқарылғанын баяндады. Бүгінгі таңда дауылды желден кейін бізде барлық әлеуметтік нысандар қалпына келтірілді, тек бір денсаулық сақтау нысаны қалып отыр. Ол жерде шатыры толығымен ауыстырылды, қалған кішігірім жұмыстар 15 тамызда тәмамдалады.
– Білім, мәдениет, спорт, жұмыспен қамту нысандары бойынша 100 пайыз төлем жүргізілді. Көппәтерлі тұрғын үйлерді қалпына келтіру бойынша жұмыстар 100 пайызға аяқталды, – деді Ақсу қаласының әкімі.
Үйлердегі зақымдарды жоюда бес мердігерлік ұйым жұмылдырылды. Олар 292,3 миллион теңгеге қалпына келтіру жұмыстарын орындады. 312 жеке тұрғын үй зардап шекті, оның ішінен азаматтардың ұсынған құжаттары негізінде 106 үй 41,6 миллион теңгеге қалпына келтірілді. Яғни, әр тұрғын 100 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек алды. Қалған үйлер комиссиялық тексеру кезінде қоршау немесе өзге үй бөліктері құласа да, иелерінде басқа баспаналары бар екені анықталып жатты.
– Электрмен жабдықтау бойынша жұмыстар әлі де жалғасуда. Бізде 10 тіректі ауыстыру және 17 тіректі түзету қалды. Жарық шамдарын ауыстыруды 10 күнде аяқтаймыз. Тамыз айының соңына дейін біз бәрін қалпына келтіреміз, – деді Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов.
Асайын Байханов орындалған жұмыстарды сөзбен ғана естіп қоймай, олардың іске асуын дрон арқылы қадағалап, тексерді.
Еске сала кетейік, 19 маусымда Ақсуда болған дауыл 459 нысанға зиян келтірген. Зақымданғандардың басым бөлігі – білім беру және мәдениет мекемелері. Қалада желдің екпіні секундына 35 метрге жеткен. Қалпына келтіру жұмыстарына Май, Ақтоғай және Ертіс аудандарынан келген бригадалар қолдау көрсетіп, 60-тан астам адам қатысқан. Дауыл кезінде 57 жастағы Марина Пахомова қаза тапты – ағаш сынығы отырған таксидің терезесін тесіп өткен. Ақсуды қалпына келтіруге шамамен бір миллиард теңге бөлінді.