Павлодар облысында су тасқынына дайындық жұмыстары жалғасуда
Өңірде қорғаныс бөгеттері нығайтылып, су өткізу құбырлары орнатылып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде келесі көктемгі су тасқынына дайындық аясында инженерлік жұмыстар жоспарының 13 іс-шарасы орындалды. Елді мекендерді су басу қаупін азайту үшін 150 метр қорғаныс бөгеті салынып, нығайтылды. Сондай-ақ 2115 метр су бұру арығы қазылып, бес су өткізу құбыры орнатылды және жөнделді.

Қазір «Богатырь – Қаратай», «Луганск – Константиновка» және «Рождественка – Павловка» автомобиль жолдарының учаскелеріне жаңа су өткізу құбырлары орнатылып жатыр. Қалған жұмыстар белгіленген кестеге сәйкес жалғасуда.
Сонымен қатар Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың №4 гидроторабындағы №87 бөгет қайта жаңғыртылуда. Биыл қайта қолға алынған жоба аясында тірек призмасын орнату, дренаж жүйесі мен су өлшеу бекетін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, бөгеттің жоғарғы еңісіндегі плиталар жөнделіп, автоматтандырылған бақылау жүйесі орнатылуда. Құрылыс-монтаж жұмыстарын биылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.