Успен ауданында жолаушылар автобусы кюветке аударылды
Бұрқасында қалып қойған ауыл тұрғындары жақын маңдағы жанармай бекетіне көмек сұрау үшін барған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қозыкеткен ауылдық округінің әкімі Әділ Құрманбаевтың айтуынша, Павлодардан шыққан «ГАЗель» Қаратай ауылына бара жатқан жолда, Ковалевка ауылында кюветке ұшып кеткен. Шағын автобуста сегіз адам отырған. Олар көліктен өз бетінше шығып, жәрдем сұрау үшін жанармай құю бекетіне дейін жеткен.
– Боран өте қатты болды, жолдар нашар көрінді. Жанармай бекетінің қызметкері маған хабарласып, жағдайды айтып берді. Бұдан кейін біз адамдарды жылы жерге мәдениет үйіне дейін жеткіздік. Ковалевкада туыстары болған тұрғындар жақындарының үйлеріне барған. Жолда қалған автобусты шығару үшін шаруа қожалықтан көмек сұрадық. Екі трактор келіп, бір сағат ішінде қардан «ГАЗельді» жолға шығарды, – деді Әділ Құрманбаев.
Оның сөзінше, учаскелік инспектор автобус шығарылып жатқанда жолда қоршау ұйымдастырылған. Адамдар көрсетілген көмек үшін алғыс білдіріп, әрі қарай жолға шықты.