Ақсуда ТЖ салдарын жоюға миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалады

Асайын Байханов дауылдан зардап шеккен үйлерде тұратын адамдармен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ақсуға барған жұмыс сапары барысында қатты желден кейін қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты.
Төтенше жағдайда көз жұмған әйелге керекті деңгейде көмек көрсету жергілікті әкімшілікке тапсырылған. Марқұмның банктегі қарыздары есептеліп жатыр, қайтарылады. Сонымен қатар, пәтерінің екі жылдық коммуналдық су мен жылуының төлемдері жабылды.
Қала әкімі Болатбек Шәріповтың мәліметінше, дауыл 18 әлеуметтік нысанды зақымдады. Бұл негізінен білім және мәдениет нысандары. Зақымданудың жалпы ауданы 7 398 шаршы метрді құрайды. Оларды қалпына келтіруге 309,5 миллион теңге қажет.
– Сондай-ақ, жел тұрғын үйлердің – 97 көпқабатты үй мен 281 жеке тұрғын үйдің 16 750 шаршы метр шатырын зақымдады. Келтірілген шығын 111 миллион теңгені құрады, – деді ол.
Сонымен қатар, көшелерді жарықтандырудың 76 бағанасы, сондай-ақ электрмен жабдықтау, 213 шам, 29 іргетас ауыстыруды қажет етті. 397 тіректерді түзету қажет. Оларды қалпына келтіруге барлығы 101,4 миллион теңге қажет.
Дауыл Ақсудағы тағы бірнеше әкімшілік ғимараттарға – қалалық сотты, прокуратураны, мемлекеттік кірістер басқармасын, №10 өрт сөндіру бекетін, сондай-ақ, Павлодар облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасының нысанына зақым келді.
Қаладағы төтенше жағдайдың салдарын жоюға барлығы 814,2 миллион теңге қажет. Оның ішінде 553 миллион теңге қалалық бюджеттен бөліну керек. Алайда қазіргі кезде мәслихат сессиясы өткен жоқ, болжамды есептеу дайындалуда. Ал қалпына келтіру жұмыстарын мердігер ұйым өз қаражатымен жасап жатыр.
– Дауылдан бері он үш күн өтті, қаражатты төлеуді неге созып жібердіңдер? – деді Асайын Байханов.
Қала әкімі болжамды есептеуді мердігер жасап жатқанын және сессия келесі аптада өтетінін айтты.
Аймақ басшысы сессияны осы аптада өткізіп, жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырды.
Асайын Байханов төтенше жағдайдан кейін бұқаралық ақпарат өкілдеріне ақпарат бермеген өзінің бірінші орынбасарына, қала әкіміне және қала әкімі аппаратының басшысына сөгіс жариялады. Әрі қала басшылығына жауапты адамдарды жұмыстан босатып немесе төмендетуді тапсырды.