Павлодарда жекеменшік клиникаларға сұраныс артып келеді

Емханаларды таңдау - әр адамның құқығы, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда әр жыл сайын өтетін еркін тіркелу науқаны халықтың медициналық ұйымдарға деген сенімін де айқындайды. Павлодар облысында бұл үрдіс соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріске ұшыраған.
Мамандардың айтуынша, соңғы үш жылда жекеменшік клиникаларға тіркелгендердің үлесі тұрақты өсіп келеді. Бүгінде облыстағы халықтың шамамен 35–40 пайызы жеке медициналық орталықтарды таңдаған.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы арнайы медициналық қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрландыру және мемлекеттік көрсетілген қызметтерді мониторингілеу бөлімі басшысы Айжан Әкімбеков аның себептерін айқындады.
– Біріншіден, жекеменшік клиникалардың заманауи медициналық жабдықтармен қамтылуы. Ақсуда компьютерлік томография, сандық рентген, жүрек жиырылудың жиілігі мен жүйелілігін анықтау үшін пайдаланылатын зерттеу құрылғысы толық қолжетімді. Екіншіден, жеке орталықтардың ашылуы мемлекеттік ұйымдардағы жүктемені азайтып, дәрігерге кезек күту уақытын қысқартады, – деді ол.
Ақсудағы шағын жеке клиникаларға шамамен жеті мың адам тіркелген. Бұл қала халқының 10 пайызына тең. Ақсу қалалық ауруханасы директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Күннұр Фаридтің сөзінше, мемлекеттік аурухананың жүктемесін азайтты, дәрігерлерге де, науқастарға да жеңіл болды. Соған қарамастан, тұрғындардың басым бөлігі әлі де мемлекеттік емханаларды таңдайды. Себебі мұнда: ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі дәрігерлер бар, бейінді мамандар саны көбірек, халықтың сенімі қалыптасқан.
– Азаматтар үшін ең маңызды фактор – өз дәрігерін білу, сенімді болу. Сондықтан жекеменшік сектор өсіп келе жатса да, мемлекеттік ұйымдар негізгі таңдауда қала береді, – деді Айжан Әкімбекова.
Статистика көрсеткендей, жыл сайын тұрғындардың 5–10 пайызы ғана емханасын өзгертеді. Негізгі себептер – жаңа ауданға көшу, жекеменшік клиниканың ашылуы немесе студенттердің басқа қалаға баруы.
Ал дәрігердің ұнамауы сияқты субъективті себептер тіркелу кезінде ресми негіз болып саналмайды.
Айгүл Әбілхасанның айтуынша, емхананы таңдау құқығы - азаматтардың ең маңызды құқығы. Бұл дәрігерлер мен басшылыққа халық сенімін ақтау үшін үлкен жауапкершілік жүктейді.