Алаяқтық: Үш рет алданған павлодарлық әйел ақыры пәтерінен айырылды

Алаяқтық: Үш рет алданған павлодарлық әйел ақыры пәтерінен айырылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полиция қызметкерлері бірнеше рет ескерту жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының тұрғыны интернет-алаяқтардың арбауына үш рет түсіп, ақырында жалғыз баспанасынан айырылды. Бұл туралы Павлодар облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы Асхат Әбетжанов мәлім етті. 

Әйел адам алғаш рет өткен жылы интернет-алаяқтықтың құрбаны болған. Ол кезде келтірілген шығын көлемі аса үлкен болмағанымен, құқық қорғау органдары ақша аударылған тұлғаларды анықтап, жәбірленушіге сот арқылы қаражатын қайтаруға көмектескен.

Алайда арада көп уақыт өтпей, осы жылдың қаңтар айында әйел тағы да алаяқтардың арбауына түскен. Бұл жағдайда да ақша аударылған адамдар анықталып, келтірілген шығын өндіріліп алынған.

–  Соған қарамастан, мамыр айында павлодарлық тұрғын үшінші рет дәл осындай схеманың құрбанына айналды. Бұл жолы шығын көлемі әлдеқайда ауыр болды. Алаяқтардың сөзіне сенген әйел өз пәтерін сатып, түскен қаражатты олардың нұсқауымен бөгде есепшоттарға аударып жіберген, – дейді Асхат Әбетжанов. 

Жәбірленушіге бұған дейін бірнеше рет интернет-алаяқтықтың тәсілдері түсіндірілген. 

– Бірінші рет алданғанда да, екінші рет алданғанда да барлық түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Алайда үшінші рет ол тағы да алаяқтардың ықпалына түсіп қалды. Өкінішке қарай, мұндай жағдайлар кездеседі, – дейді басқарма басшысы.

Полицейлердің айтуынша, алаяқтар көбінесе өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органы немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. Олар адамдарды ақшасын «қауіпсіз шотқа» аударуға немесе мүлкін сатуға көндіреді.

Мамандар азаматтарды бейтаныс адамдардың нұсқауымен қаржылық операциялар жасамауға шақырады. Кез келген күмәнді жағдайда жақындарыңызбен ақылдасып, банкке немесе 102 нөміріне хабарласу қажет.

Полиция өкілдерінің айтуынша, интернет-алаяқтардың басты қаруы – психологиялық қысым мен сенімге кіру. Сондықтан әрбір азамат күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға барынша сақтықпен қарауы тиіс.