Ақтоғайда көлікті есірткіге мас күйде айдаған тұрғын қамауға алынды

Ақтоғайда көлікті есірткіге мас күйде айдаған тұрғын қамауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Іс аудандық сотта қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Оқиға биылғы жылдың қаңтар айында болған. Ақтоғай ауылының маңындағы жолда полиция қызметкерлері Т. есімді азаматтың басқаруындағы көлікті тоқтатқан. Тексеру барысында жүргізушінің есірткіге мас екені анықталды.

Сот залында ер адам өз кінәсін толық мойындады. Оның айтуынша, ол көшеден жасыл түсті шөп тауып алып, оны темекі ретінде пайдаланған. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің есірткілік масаң күйде болғанын растады.

Аудандық сот азамат Т.-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, 1-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды.

– Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Сондай-ақ ол алдағы жеті жыл бойы көлік басқару құқығынан айырылды, – деді соттың баспасөз қызметі.

Қаулы заңды күшіне енді.