Павлодарлықтарға баланың заңды өкілі кім бола алатыны түсіндірілді
Өңірлік балалар омбудсмені бала құқықтары туралы еске салды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенова түсіндіргендей, балалардың заңды өкілдері – олардың ата-анасы (ата-анасының бірі), бала асырап алушылар, қорғаншы немесе қамқоршы, асырап алушы ата-ана, кәсіби асырап алушы тәрбиеші, патронаттық тәрбиеші және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес баланың күтімін, білім алуын, тәрбиесін, құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асыратын оларды алмастыратын өзге де тұлғалар.
– Қалған тұлғалардың барлығы: туыстары, өгей әкесі, өгей шешесі, бірге тұратын адамдар, сондай-ақ ата-ана құқығы шектелген немесе одан айырылған ата-аналар баланың заңды өкілі болып табылмайды, – деп атап өтті Сәуле Шәкенова.
Оның айтуынша, балалардың заңсыз өкілдері баланың мүддесін қорғауға, ол туралы ақпарат алуға, тәрбиелеу функцияларын жүзеге асыруға және балаға қатысты құжаттарға қол қоюға құқығы жоқ.