Алғабаста жаңа мәдени орталық ашылуға дайын

Алғабаста жаңа мәдени орталық ашылуға дайын
Фото: «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалы

Көпфункционалды мәдени-демалыс орталығының құрылысы аяқталып, нысан пайдалануға беру кезеңіне өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – Ақсу қаласына қарасты Алғабас ауылындағы мәдени-демалыс орталығы. Нысан «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы аясында қолға алынған.

Құрылыс барысын бақылау мақсатында «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Асылбек Туғанбай нысанға көшпелі мониторинг жүргізді. Іс-шараға партиялық бақылау комитетінің төрағасы Олег Костенко да қатысты. Жұмыс барысында нысанның дайындық деңгейі, құрылыс сапасы және мерзімдердің сақталуы тексерілді.

– Алғабас ауылында шамамен 1200 тұрғын бар. Жаңа орталық ауыл тұрғындары үшін бірқатар қызметті біріктіретін қоғамдық кеңістікке айналады. Ғимаратта мәдениет үйі, ауыл әкімдігі, учаскелік полиция кабинеті, кітапхана және шығармашылық үйірмелерге арналған бөлмелер қарастырылған, – деді «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, 100 орындық акт залы салынып, онда концерттер, кездесулер мен түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге мүмкіндік жасалады. Жобаның жалпы құны 503 миллион теңгеден асады. Құрылыс жұмыстарын «Промжилстройкомплекс» ЖШС жүргізсе, техникалық және авторлық қадағалауды тиісті ұйымдар қамтамасыз етуде.

Мердігердің мәліметінше, құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі уақытта нысанды пайдалануға қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Ғимарат автономды жылыту жүйесімен жабдықталған.

Мониторинг барысында жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де атап өтілді. Құрылысқа жергілікті тұрғындар тартылып, уақытша жұмыс орындары ашылған. Ал нысан іске қосылғаннан кейін де ауыл тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындары қарастырылмақ.

– «AMANAT» партиясы үшін Жол картасына енгізілген әрбір нысанның толық аяқталып, халық игілігіне қызмет етуі аса маңызды. Алғабастағы жаңа мәдени-демалыс орталығы – жай ғана ғимарат емес, бұл ауылдың қоғамдық өмірінің орталығы, – деді Асылбек Туғанбай.

Оның айтуынша, нысан ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылықпен айналысуына және қажетті қызметтерді бір жерде алуына мүмкіндік береді.

Партия өкілдері өңірдегі әлеуметтік маңызы бар жобалардың сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы алдағы уақытта да қатаң бақылауда болатынын жеткізді.