Павлодар облысындағы ең шалғай ауылдың жол мәселесі шешіледі
Шолақсор ауылындағы жол мәселесі – көпжылғы проблема, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан тұрғындарымен кездесу барысында облыс әкімі Асайын Байханов Ақтоғай – Шолақсор жолының жөндеуі қолға алынатынын мәлімдеді.
- Биыл осы жолдың 11 шақырымы асфальтталады, қаражат бөлінген, - деді Асайын Байханов. – Шолақсорға дейінгі қалған 38 шақырым жолға аудан басшылығы облыстың құзыретті басқармасымен бірлесіп, жобалық-сметалық құжаттама әзірлейтін болды. Оны кеше шештік. Жөндеу екі жыл ішінде аяқталады.
Сонымен бірге, Разумовка – Басқамыс жолының 34 шақырымы мен Барлыбай ауылына баратын жолдың 11 шақырымы ретке келтіріледі. Аудан бюджеті есебінен Басқамыс пен Шолақсор кіреберіс жолының орташа жөндеу жұмыстары еңсеріледі.
Естеріңізде болса, кеше өңір басшысы Павлодар облысының ең шалғай ауылы – Шолақсорда болып, халқымен кездесті. Кездесуде ауыл тұрғындары ауылды аудан орталығы және Павлодармен қосатын жолды жөндеуді өтінді.
Фото: Валерий Бугаев