Баянауыл ауданында көппәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр
Баспаналарды қараша айына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінің мәліметінше, құрылыс жұмыстарының барысын Павлодар облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов бақылап шықты. Жоба аясында Баянауыл ауылында 57 пәтерлі, ал Майқайың кентінде 36 пәтерлі тұрғын үй бой көтеріп жатыр.
Қазіргі уақытта нысандарда қабат-қабатымен сылақ және электрмонтаж жұмыстары жүргізілуде. Қабырғалар дыбыс оқшаулауын жақсарту үшін силикат кірпіштен қаланып жатыр.
Жобада балалар ойын алаңын, спорт аймағын және аумақты абаттандыру мен асфальттау да қарастырылған. Екі бөлмелі пәтерлердің ауданы 67 шаршы метрді құрайды.
Мердігер ұйымдарға құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң сақтау тапсырылды. Жоспар бойынша тұрғын үйлер осы жылдың қараша айына дейін пайдалануға беріледі.
Аудан әкімдігі тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтерлерді уақытылы бөлу үшін өз деректерін өзектендіруден өткізудің маңызын еске салды. 2025 жылдың мамыр айынан бастап тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың кезегін жүргізу және жалға берілетін әрі кредиттік тұрғын үйлерді бөлу Отбасы банк арқылы орталықтандырылған тәртіппен жүзеге асырылады.