Павлодарда қоғам белсенділері инвестициялық бағдарламаның орындалуын тексерді

Оларды «Инвестицияларға айырбас тарифі» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жаңғырту жұмыстарының барысымен таныстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– «Павлодар-Водоканал» ЖШС инвестициялық бағдарламасы аясында келесі басым бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде: шаруашылық-ауызсу және техникалық су құбырының құрылысы – 4,365 шақырым; кәріз жүйелерінің құрылысы – 1,394 шақырым; өндірістік жабдықтарды жаңарту; ғимараттар мен құрылыстарды қайта құру; арнайы техниканы жаңарту, – деп атап өтті «Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметі. – Жұртшылық өкілдері қалалық тазарту ғимаратына барып, сарқынды суларды аэрациялауға арналған №2 аэротенктің жаңартылуымен танысты. Аталған нысан қазіргі уақытта жұмыс істеп тұр.
Қазіргі уақытта Лермонтов – Аймауытов – Қамзин – Крылов көшелерінің бойында бау-бақша учаскелерін суаруға арналған техникалық құбыр құрылысы жалғасуда. Бұл құбыр 2-Павлодардың жеке тұрғын үй секторы мен Шығыс өнеркәсіптік аймағының кәсіпорындарын техникалық және суару суларымен қамтамасыз етеді.
Малайсары батыр көшесі бойындағы Российский көшесінен № 19-шы үйге дейінгі және Н.Назарбаев даңғылының 15-үйінен Сұрағанов көшесінің 22-үйіне дейінгі су құбырының құрылысы да тексерілді.
Бұдан соң, жұртшылық өкілдері 1-көтерілімнің сорғы станциясынан 2-көтерілімнің сорғы станциясына дейін тартылып жатқан жаңа су құбырының құрылысымен танысты.
– Бұл құбыр павлодарлықтарды сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, жұртшылыққа жаңартылған өндірістік құрал-жабдықтар мен арнайы техникалар: сорғылар, вакуумдық және лай сорғыштар автомобильдер көрсетілді, – делінген хабарламада.
«Павлодар-Водоканал» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру шаралары желілердегі су ысыраптарын азайтуға, сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің сапасын арттыруға, желілердегі апатты жағдайларды азайтуға, апаттарды жою уақытын қысқартуға, энергия және ресурстарды үнемдейтін технологиялар мен жабдықтарды енгізуге, сондай-ақ шығындарды оңтайландыруға бағытталған. Инвестициялық бағдарламаның қаржыландыру көзі – кәсіпорынның меншікті қаражаты.