Асайын Байханов Ақтоғай-Атамекен учаскесін сынға алды
Облыс әкімі аталған учаскедегі жол жөндеу жұмыстарына көңілі толмайтынын жеткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов Ертіс ауданына жұмыс сапары барысында бонустық трансферттер аясында кентішілік жолдарға жүргізілген жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысты.
Ертіс ауданының әкімі Болатбек Шәріповтың айтуынша, аудан бойынша жолдың көлемі 838 шақырымды құрайды, оның ішінде республикалық маңызды бар 134 шақырым аудан бойынша өтеді.
– Биыл бірінші кезекте облыстық маңызы бар жол – Панфилов- Бестөбе учаскесінде 15 шақырым салынады. Интертті материалдар әкелінді. Жол құрылысы 2024-2025 жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ аудан бойынша Панфилов-Қосағаш бағытында бес шақырым уческесінде мердігер жұмыстар істеп жатыр, материалдар мен қиыршықтасты қыс бойы тасып әкелгенбіз. Қосағашта жұмыс біткеннен кейін Көккөлдің 5,8 шақырым жолына келеді және аудандық маңызы бар Амангелді ауылының кіреберіс жолын бастайды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Панфилов ауылында ұзындығы 3,7 шақырым алты көше жөнделеді. Сонымен қатар Голубовка, Северный, Ағашорын, Бестөбе, Қызылағаш ауылдарында да жолдарды жөндеу жүргізіледі. Бонустық қор есебінен биыл Бірлік және Құдайберген ауылдарында жол жөндеу жұмыстары аяқталған. Қызылжар ауылында жолдың 600 метр уческесі жөнделген.
Павлодар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров биыл
жөнделетін облыстық маңызы бар 49 шақырым автомобиль жолдарының 15 шақырымы Ертіс ауданына тиесілі екенін мәлім етті. Республикалық маңызы бар Атамекен – Ертіс – Русская поляна. Биыл 24 километрді қамту көзделіп отыр. Бұл учаскеде айналым жасалады, күрделі жөндеуге 228 миллион теңге бөлінген.
– Ақтоғай мен Атамекен арасындағы жол шұңқырларын жөндеу жұмыстарына көңілім толмайды. Шұңқырлар жеткілікті. Жолды сапасыз істегенше мүлдем істемеген жақсы. Неліктен жұмыс ұзаққа созылды? «Қазавтожолға» қатысты шара қолдану керек, апаттық жағдай туғызғаны үшін айыппұл салу қажет. Өз міндетін тиісті деңгейде орындай алмаса, басшысын жауапкершілікке тарту керек, – деді аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, биыл Ертіс ауданында күнбағыс дақылдарының егістік алқабы ұлғайтылды. Науқанға 71 егіс кешені, 183 трактор, 185 шөп шабатын машина, 384 комбайн және 400-ден астам басқа да арнайы машина жұмылдырылды.