Баянауылдықтар аудан әкімінен жаңа стелла орнатуды сұрады
Ауыл тұрғындарының өтініші – стелланы Қарағанды облысымен шекаралас аймақта орнату, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев халықпен төртінші тоқсандағы тұрақты кездесуін өткізді. Ол биыл бірнеше елді мекендерде атқарылған жұмыстарды қорытындылады. 2023 жылы жалпы сомасы 7 миллиард 243 миллион теңгеден астам теңгеге 49 жоба жүзеге асырылды.
– Нақты Ұзынбұлақ ауылы туралы айтсақ, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ауыл іші жарықтандырылды. Ұзындығы 2,5 шақырымға 100 шам орнатылып, ауылдың ажары кірді. Сонымен қатар, Ақши ауылында шағын футбол алаңына жасанды көгал төселді, – деп атап өтті аудан әкімі.
Бүгінде Ақши ауылындағы негізгі мектептегі спортзалдың құрылысы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, аталған ауылдың мәдениет үйінің құрылысына ЖСҚ әзірленді. Оны салу үшін бюджеттік өтінім тапсырылды.
–Жиында жергілікті халық ауылдағы негізгі сұрақтарды көтерді. Оларды Ұзынбұлақ-Теңдік автожолын қысқы қардан тазалау жұмыстары алаңдатады. Аталған жол бойынша «Бақыт» жеке кәсіпкерлігімен үш жылға келісімшарт жасалды.
Оның сөзінше, жиында тұрғындар көтерген маңызды мәселенің бірі – Ақши ауылына баратын электр желісі тозуына байланысты жиі электр жарығының сөнуі. Бұл мәселе бойынша Павлодар электр қуатын тарататын компания басшысына хат жолданады.
–Жергілікті халықтың сұранысы – стелла. Қарағанды облысымен шекараласатын орынға «Баянауыл ауданы» деген жазуы бар стелла орнатуға ұсыныс жасады. Бұл жоспарымызда бар, – деді Ардақ Кісентаев.
Ал Сәтбаев ауылында 2,7 шақырым ауылішілік жолға орташа жөндеу жұмыстары жасалды. Толығымен жарақтанған өрт сөндіруге арналған автокөлік тіркемесі алынды.