Павлодарлық университетте алғаш рет актерлер диплом алады
«Актерлік өнер» мамандығы бойынша үш түлек дипломдық жұмысын ұсынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ж. Аймауытов атындағы облыстық музыка-драма театрының кіші залында Ертіс өңірінің тарихындағы Торайғыров университеті «Орындаушылық өнер» кафедрасы үшін маңызды оқиға – биылғы жылы «Актерлік өнер» білім беру бағдарламасы түлектерінің бірінші дипломдық жұмысы ретінде А.П. Чеховтың «Шағала» премьерасының тұсаукесері өтті.
Аталмыш қойылым – кейіпкерлер сезімдерінің шиеленіскен көріністерін бейнелейтін төрт перделі трагикомедия. Ол 1998 жылдары Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрында да қойылған болатын.
Спектакль режиссері ҚР Мәдениет қайраткері, кафедра оқытушысы Гүлжанат Омарова «Шағаланың» жаңа формуласын шығаруға тырысты. Сахна төрінде 4-курс түлектерімен қатар, кафедраның жас әрі талантты студенттері әдебиеттің классикасына айналған қойылымда өнер көрсетті.
– 2021 жылы Торайғыр университетінде «Орындаушылық өнер» кафедрасында актерлерді дайындайтын бөлім ашылған болатын. Биыл алғашқы түлектері білім ордасынан ұшқалы отыр. Олардан үмітіміз зор, – дейді Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының әртісі, спектакль режиссері Гүлжанат Омарова.
Оның айтуынша, Павлодар облысында талантты балалар өте көп. Мектеп түлектерін жыл сайын өнер ордасына қабылдап жатыр.
– Оқу ордасын тамамдайтын үш түлек басты рөлдерді орындайды. Қалған қосалқы рөлдерді болашақ әртістер сомдайды. Әсіресе, бірінші курстың студенттері жарық, музыканы басқарып тұрады. Бұл – олар үшін үлкен тәжірибе, – дейді ол.
Спикердің сөзінше, университетте актерлік бөлімінің жүйесі әзірге толық қалыптаспады. Университет ұжымы костюм, безендіру, реквизит пен гримдер көп қаражатты талап ететіндіктен, театр басшысына өтініш білдірді. Осылайша театр басшысы Арман Темірбек алғашқы түлектердің түлеп ұшуына себепші болды.
– Дипломдық жұмысқа дайындық бір жыл бұрын басталған еді. Мен Нина Заречная атты бойжеткен, бай помещик қызының рөлін сомдаймын. Оның арманы – үлкен сахнаға шығып, актриса болу. Бүгін де актерлік шеберлігіміздің куәсі боласыздар деген ойдамын, – дейді университет түлегі Ақмаржан Абраева.
Болашақ әртістің айтуынша, көрермен уақыт сынынан өткен, сондай-ақ өзінің танымалдылығын жоғалтпаған, жаңа дәуірде өзекті болып қалған шығарманың барлық күші мен құндылығын сезінеді.
Айта кетейік, Торайғыров университетінің «орындаушылық өнер» кафедрасы аспаптық орындау, вокалдық өнер және актерлік өнер сияқты үш білім беру бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды.