Екібастұз әкімдігі монополисті сотта жеңді
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС өкілі сот отырысына келмеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз әкімдігі жыл соңында болған апаттық жағдайдың салдарын жоюға 22 миллион 171 мың теңгені бөлген еді.
Қалада жылу желілеріндегі апатқа байланысты тұрғындардың үйлері суып кетіп техногендік сипаттағы төтенше жағдайды енгізген болатын. Қала әкімдігі апат салдарын жою мақсатында атсалысқан жұмыскерлерді тамақтану мен орналастырумен қамтамасыз еткен еді. Бұл мақсатта қала әкімінің қаулысы бойынша төтенше бюджеттен қаражат бөлінді.
Былтырғы жылдың 15 желтоқсанында тамақтандыру, орналастыру және отын қызметтерін жеткізушілермен мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасалды. Бұның барлығы құжаттармен расталды. Нәтижесінде бюджеттен 22 170 308 теңге бөлінді.
Кейінірек Екібастұз әкімдігі «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-нен бұл ақшаны қайтаруды талап еткен. Істі мамандырылған ауданаралық экономикалық сотта қарастырған.
Жауапкер «Екібастұзжылуэнерго» өкілі соңғы сот отырысында болған жоқ. Ол Астанаға жол жүру себебімен сотты кейінге қалдыруға өтініш білдірген. Бірақ растайтын құжаттарды ұсынған жоқ және онлайн түрде қатысудан бас тартты. Сот бұл әрекетті құрметтемеушілік (негізсіз) деп танып, істі кәсіпорынның өкілінсіз қарады.
– Жауапкердің төтенше жағдай аяқталғаннан кейін ақшалай қаражат бөлу туралы дәлелдерін негізді деп тануға болмайды, өйткені олар шығындардың түпкілікті сомасы анықталғаннан кейін зардаптарды жоюға бөлінген еді, – деп есептеді сотта.
Кәсіпорыннан қала бюджетінің пайдасына материалдық шығын ретінде – 22 170 308 теңге алынатын болады.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.