Асайын Байханов Павлодар облысының тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтады
Ол әр шаңыраққа шаттық, береке мен баянды бақыт тіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы көктемнің алғашқы шуағымен бірге келетін бұл мереке – адам жанына жылу сыйлайтын, жүректерді жақындастыратын ерекше күн екенін атап өтті.
– Павлодар өңірі – тағдыр тоғыстырған түрлі ұлттың бірлікте ғұмыр кешіп жатқан құтты мекені. Осындағы еңбекқор, кең пейілді жандарды туған жерге деген шексіз сүйіспеншілік пен оның ертеңіне деген зор жауапкершілік біріктіреді, – деді Асайын Байханов.
Ол осынау мерейлі күні баршаға ерекше алғыс білдіріп, өңірдің өсіп-өркендеуіне қосқан адал еңбек, игі бастамалар ортақ жетістіктің берік негізі екенін атап өтті.
– Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Жарияланған республикалық референдум – әр азамат үшін маңызды кезең. Әрқайсымыз жауапкершілік танытып, саналы таңдау жасау арқылы Отанымыздың болашағына үлес қоса аламыз, – деді өңір басшысы.
Әкім көктемнің әр күні үмітке толы болып, жүректерге сенім ұялатуын, денге саулық, отбасыларға амандық, толағай табыс тіледі.