Гладиолиус, минерал, мұздық: Павлодарлық ұландықтар Сәтбаев жайлы деректерге таң қалды
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде «Қазақтың Қанышына-125 жыл» атты Қаныш Сәтбаевтың Баянауылдағы мемориалдық музейінің көшпелі көрмесі өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда геологиялық қызметтің негізін қалаушы, геологиялық ғылымдар институтын құрушы, Қазақ ССР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик, ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың құрметіне арналған іс-шараны Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінің сапта жүрген сарбаздары мен арулары тамашалады.
– Көшпелі көрмеде Қаныш Сәтбаевтың 30-ға жуық жәдігері ұсынылды. Ұландықтар бірегей тұлға, біртуар ғалымның бала Қаныштан бастап академик Қанышқа дейінгі өмір кезеңімен, ғалым атамыздың әулетінің фотосуреттері, білім нәрін сусындатқан оқу орындары, ғылым саласындағы тәлімгерлері, замандастары, рухтастары, Жезқазған - Қарсақбай ауданындағы геологиялық қызметі, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ғылыми қызметі, кемелдену шағымен танысты, – дейді 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесі бастығының аға көмекшісі, аға лейтенант Дана Мұқанова.
Сондай-ақ көшпелі көрмеге ғалымның жеке заттары, атап айтқанда, домбырасы, киіп жүрген костюмі, көзілдірігі, мойынорағышы, таяғы, қолғабы, қаламы, ғұлама ғалымның Қазақстанның минералдық ресурстары мен рудалық кендерін зерттеу барысында жеткен жетістіктері, әсіресе «Жезқазған мыс-кен ауданы және оның минералды ресурстары» атты ғылыми монографиясынан кейінгі марапаттары, қазақ балаларына арнап жазған «алгебра» оқулығы, құрмет белгілері мен ордендері, геологиялық балғасы, отбасылық каскасы, минералды тастар жиынтығы қойылды.
Жедел мақсаттағы 1 батальонның 1 ротасының сарбазы (атқыш), қатардағы жауынгер Шиш Максим витриналарға қойылған геологиялық тастардың үлгілерінен гөрі, ғалымның домбырасы мен қазақ сазының қызғыш құсы Александр Затаевичтің әйгілі жинағына енген академиктің орындауындағы 25 халық әні таңқалдырғанын атап өтті.
– «Әу» демейтін қазақ жоқ» деген аталы сөз бар ел даналығында, бірақ геология, тау-кен ісі, металлургиямен айналысқан ғалымның халық әнін домбырамен шырқауы – мен үшін тылсым дүние. Тағы да айта кететін бір жайт, Ұлы Отан соғысы тұсында ол Сталиннің тапсырмасы бойынша 35 күн ішінде танкіге арналған броньды жасап шығуы және төрт мәрте Ленин орденімен наградталуы. Академик Қаныш Сәтбаев шынымен де біртуар тұлға екен, – дейді Максим Шиш.
Жедел мақсаттағы 1 батальонның 1 ротасының сарбазы (атқыш), қатардағы жауынгер Мағжан Абаев үшін көрменің ашқан жаңалығы – Қ.Сәтбаев есімімен ғарышта «Сәтбаев-2402» планетасының, жерде «Сатпаевит» жаңа минералының, «Академик Сәтбаев» гладиолиус гүлінің, ғалымның құрметіне Жоңғар Алатауы жотасындағы мұздық пен шыңның аталуы.
– Халқымызда «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді»- деген қанатты сөз бар. Академик Қаныш Иманайұлы Сәтбаевтың артына қалдырған ғылыми мұралары - осының айқын дәлелі. Оның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі ғалымдар мен шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмайды, – дейді Мағжан Абаев.
Еске сала кетейік, Қаныш Сәтбаевтың мерейтойын ұлттық мерекелеу аясында 2024 жылы білім беру ұйымдарында өтетін іс-шаралардың күнтізбесі әзірленді. Облыстағы білім беру ұйымдарында «Сәтбаев LAB» білім және ғылым орталықтарын ашу жоспарлануда.