Жасыбайда «заңсыз бокс» орнатқан кәсіпкер жазаға тартылды.

Аттракционға жалаңаш кабельдер тартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасының негізінде, бақылау іс-шаралары барысында Жасыбай көлі жағажайында тиісті рұқсат құжаттарынсыз екі «бокс тұлыбы» аттракционының заңсыз орнатылғанын анықтады.
– Қосымша, көрсетілген жабдықтарды қосу мақсатында жол үстімен жалпы қоқыс контейнерлеріне дейін жалаңаш кабельдер тартылғаны белгілі болды. Бұл демалушы азаматтардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. QR-код арқылы құқық қорғау органдарының көмегімен жабдық иесі жедел анықталды. Оның үстінен ерекше қорғалатын табиғи аумақ режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қолданылды, – деді инспекцияның баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қатер төнгендігі туралы ақпарат дереу «101» пультіне жолданды, тиісті шара қолданды.
Бұдан бөлек, мемлекеттік орман қорының жерін және ерекше қорғалатын табиғи аумақ жерін тиісті рұқсатсыз пайдаланғаны үшін екі катамаран жалдау пунктінің иелері де әкімшілік жауапкершілікке тартылды.