Асайын Байханов тұрғындардың жеке мәселелерін тыңдады
Облыс тұрғындары аймақ басшысына жер учаскелерін беру, ТҮКШ, әлеуметтік сала мәселелері бойынша жүгінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жас спортшылардың ата-аналары Павлодарда көркем гимнастиканың жаттығу процесін ұйымдастыру мәселелерін көтерді. Бұдан бөлек, Тереңкөл ауылының тұрғыны ауылдың су бұру жүйесін жалға беру қаншалықты заңды екендігі жайлы сөз қозғады.
Аймақ басшысы көркем гимнастикамен айналысуға арналған ғимарат құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын зерделеуді, сондай-ақ, Тереңкөл ауданының басшылығына көрсетілген барлық фактілерді тексеруді, берілген уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын қайтарып алуды, бұдан әрі ауыл тұрғындарының мүдделерін ескеруді тапсырды.
Сонымен қатар, азаматтарды қабылдау барысында басқа да әлеуметтік маңызды мәселелер қаралды.
Айта кетейік, жиын барысында айтылған сұрақтар бақылауға алынды. Қосымша пысықтауды талап ететін өтініштер бойынша жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Еске салайық, аймақ тұрғындары қабылдауға e-gov порталы, E-otinish.kz немесе әкімдіктің +77021661661 WhatsApp желісі арқылы жүзеге асады.