Павлодарда кітапханашылар көру қабілеті бұзылған жандарды ЖИ-мен жақындастыруда
Бұл ерекше оқырмандардың қоғамға тез бейімделуіне үлкен септігін береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған облыстық арнайы кітапхана басшысы Жамал Кенжебекова жасанды интеллекттің кітапхана саласындағы тиімділігін растады. Кітапхана қызметкерлері жасанды интеллектті мәтін жазу, ақпарат іздеу, оқырмандарға кеңес беру және басқа да жұмыстарда пайдаланады. Сонымен қатар, кітапханада дыбыстандырылған жергілікті авторлардың шығармалары бар. Мысалы, биыл павлодарлық авторлардың балаларға арналған 18 шығармасы дыбысталса, «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Такен Әлімқұлов пен Жұмекен Нәжімеденовтің туындылары дыбысталды. Барлық жазбалар авторлық құқық талаптарына сай жасалады.
– Осы жобаны жүзеге асыру барысында жасанды интеллект мүмкіндігін барынша пайдаландық. Сонымен қатар, ерекше оқырмандарға арналған электронды кітапхана жұмысында да осы жаңашыл ақпарат технологияларын қолданып отырмыз, – деді ол.
Қазіргі таңда кітапхана капиталды жөндеуден өтіп жатыр, сондықтан кітаптар тікелей берілмейді, тек электронды және аудиокітаптар арқылы қызмет көрсетіледі. Жөндеу аяқталған соң, кітапхана толық қызметін жаңартылған форматта ұсынады.
Жамал Кенжебекованың айтуынша, көру қабілеті шектеулі адамдар телефондағы қосымшалар мен жасанды интеллект құралдарын пайдаланып, ақпарат алады.
– Біз оқырмандарға жаңа қосымшаларды қолдануды үйретеміз, кітаптарды аудиоформатта ұсынамыз, компьютерлік сауаттылыққа баулимыз. Бұл олардың қоғамға бейімделуіне көмек ретінде болады, – дейді Жамал Кенжебекова.
Кітапхана тек оқырманға ақпарат жеткізуге емес, сонымен қатар оңалту, оқу, жазу және компьютерлік сауаттылықты дамыту бағдарламаларын да жүзеге асырады. Мұнда әртүрлі мәдени және әлеуметтік шаралар ұйымдастырылады.
– Кітап оқу, іздену және технологияны пайдалану – бұның бәрі оқырманның дамуына қызмет етеді, – дейді кітапхана жетекшісі.
Кітапханаға жыл сайын екі мыңнан астам оқырман келеді, олардың жартысы көру қабілеті шектеулі жандар.
Жамал Кенжебекова сондай-ақ, кітап оқу арқылы ақпарат іздеу мен жасанды интеллект құралдарын қолдану арасындағы айырмашылыққа тоқталып, кітап арқылы логикалық ойлау мен қиялды дамыту маңызды екенін атап өтті. Ол оқырмандарға өздігінен іздену және оқу арқылы білімін тереңдетуге кеңес берді.