Асайын Байханов: Шыбын-шіркейді экожүйеге зиян келтірмей улау керек
Өңірде химиялық препарат жеткілікті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысының әкімі Ақсуға жұмыс сапары барысында дезинекциялық жұмыстардың барысымен танысты. Ғылыми топ жетекшісі Дәулет Ибраевтың айтуынша, қазір өзен жайылмасы өңделуде.
- Бұл аумақты өңдеуге негіз бар. Жайылманың барлық жерінде дернәсілдердің орындары бар. Бірақ олардың дамуы әртүрлі. Мұнда су жылдам жайылды. Тиісінше, шыбын-шіркейге қарсы өңдеу жұмысы ертерек жүріп жатыр, - деп түсіндірді Дәулет Ибраев.
Павлодар облысының шыбын-шіркеймен күрес жөніндегі жоба жетекшісі Қайрат Байбосыновтың айтуынша, барлық жұмыстар ғалымдардың ұсыныстарына сәйкес жүргізілуде.
- Біз шыбын-шіркейге қарсы "Бактицид" биологиялық препаратын қолданамыз. 1000 литрді дозалауға 20 кг препарат қажет. Өңдеу су айдындарында рюкзакты бүріккіштермен жүзеге асырылады. Осы жұмыстардан кейін зиянкестердің болуын және препараттың әсерін бақылайтын боламыз. Егер тағы да дезинекция жүргізу қажет болса, онда біз сол аумақты қайта өңдейміз, - деді Қайрат Байбосынов.
Ақсу мен Павлодарды дезинекциялау үшін 68 мың литр препарат дайындалған.
- Биологиялық өнім қажетті көлемде толығымен араласады. Сонымен қатар, дәл осындай көлемдегі преперат Тереңкөл мен Ақтоғай аудандары үшін дайындалды. Облыста әуеден өңдеу үшін төрт ұшақ келді. Оларлың екеуі Ленин кенті мен Ақсу қаласының маңындағы жайылма аумақты өңдейді. Ал қалған екеуі Ақтоғай мен Тереңкөл аудандарына жұмыс істеуге аттанады. Химиялық препарат жеткілікті. Біз өңдеу жұмыстарында химиялық заттарды пайдалануды барынша азайтып, биологиялық өнімді қолданамыз. Осылайша, экожүйеге зиян келтіруді азайтамыз, - деді Асайын Байханов.
Іс-шаралардың тиімділігі мен сапасын аймақ басшысы мамыр айының ортасына қарай тексеретінін айтты.