Асайын Байханов шыбын-шіркейлердің дернәсілдерін фенологиялық зерттеу барысын тексерді
Бүгін облыс әкімі 18 ауыл орналасқан Ертіс өзенінің жағасындағы Ақсу қаласының жағалау аумағында масалар мен шіркейлердің дернәсілдерінің дамуын фенологиялық бақылау нәтижелерін тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, биыл мұнда қансорғыш жәндіктерге қарсы жайылманы өңдеу алаңы үш есе ұлғайтылды.
20-сәуірден бастап ғылыми топ күн сайын облыстың су айдындарында масалар мен шіркейлердің дернәсілдерінің даму кезеңіне зерттеулер жүргізеді. Ақсу қаласының жайылмасында фенологиялық зерттеулер мен сынамалар алу 1 шаршы метр су бетінде 150-ден 500-ге дейін маса дернәсілдері бар екенін анықтады. Судың температурасы 16 градустан жоғары болған кезде дернәсілдер бірінші кезеңнен екінші кезеңге дейін дамиды (маса дернәсілдерін улаудың оңтайлы кезеңі). Осыған байланысты, бүгіннен бастап осы аумақтарды авиациялық және жергілікті өңдеу басталды. Мұндай жұмыстар Тереңкөл ауданында да басталды.
Өңдеу жұмыстары қоршаған ортаға және адамдарға зиянсыз "Бактицид" биологиялық препаратын қолдану арқылы жүргізіледі. Препараттың барлық қажетті көлемі, жабдықтар мен мамандар бар.
Сондай-ақ, аймаққа әуеден өңдеу жүргізу үшін 4 ұшақ келді. Олардың екеуі Ленин кенті мен Ақсу қаласының маңындағы жайылма аумағын өңдейді, қалған екі ұшақ Ақтоғай және Тереңкөл аудандарына жұмыс істеуге аттанады. Масаның қанаттанған түрінің ұшып кетуіне жол бермеу мақсатында жағалауды тосқауылдық өңдеу жүргізілетін болады.
Асайын Байханов барлық дезинсекциялық іс-шараларды маса дернәсілдерінің дамуына мониторинг жүргізу негізінде үйлестіруді тапсырды.
- Ең бастысы - жаппай жұмыртқалану күнін белгілеу. Мұны істеу үшін күн сайын бақылау жүргізіп, препараттың дозасын есептеп, оны уақытында құюларыңыз керек. Әзірленген алгоритмді сақтау өте маңызды, сонда өңдеудің тиімділігі жоғары болады, - деді облыс әкімі.