Павлодарда төрт мектеп салынады

Павлодарда төрт мектеп салынады

Мектепті үш жыл ішінде  «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында салу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов «Samruk-Kazyna Construction» АҚ басқарма төрағасы Мәулен Айманбетовпен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының өңірлік бөлігінің жүзеге асырылуын талқылады. 

Мектеп құрылыстарының бірыңғай тапсырыс берушісі ретінде «Samruk-Kazyna Construction» АҚ белгіленді.

–  Үш жыл ішінде облыс орталығындағы «Достық», «Усолка», «Шығыс» және «Жастар» шағын аудандарында әрқайсысы 1200 орындық төрт жаңа мектеп салынады. Тағы үш мектепке - № 4, 22, 27 1200 орынға арналған жаңа корпустар салынады, – деді Асайын Байханов. 

Облыс әкімінің сөзінше, жаңа мектептердің салынуы облыс орталығындағы 7000 оқушыға оқу орнының тапшылығын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, «Достық» шағын ауданындағы алғашқы мектептің құрылысы биыл басталады.