Павлодар музейінде ұлттық киімдер көрмесі ашылды

Павлодар музейінде ұлттық киімдер көрмесі ашылды

Шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Мерекелік ұлттық киімдер музей қорында 30 жылдан астам сақталып келеді.

Г. Потанин атындағы облыстық өлкетану музейі экспозициялық көрме бөлімінің басшысы Бибігүл Жүнісованың айтуынша, экспонаттар XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басына жатады.

–  Ұлттық киімдердің ішінде Павлодар облысы халықтарының дәстүрлі киімдері ерекше орын алады. Мұнда татар әйелінің әсем көйлегі, беларусь баласының қолдан жасалған аяқ киімі (лаптиі), әзербайжан ерінің папахасы, орыс қызының кокошнигі, болгар жігітінің жейдесі бар. Барлық халықтарда тұрмысқа шықпаған қыздар шаштарын көрсетіп, ерекше бас киімдер немесе ленталар тағатын. Ал тұрмысқа шыққан соң шашын жасыратын. Бұл -дәстүрлі киім киюдің нәзік әрі маңызды элементтері, – дейді Бибігүл Жүнісова.

Музей қызметкерлері матадан жасалған жәдігерлерге арнайы күтім қажет екенін атап өтеді. Олардың барлығын бастапқы күйінде сақтау үшін арнайы стандарттар сақталады: ұлттық жәдігерлер күн сәулесінен қорғалады және температуралық режим бақыланады. Сондықтан бірегей экспонаттар бастапқы қалпында сақталған.

Көрме –  этнографиялық экспедициялар мен музей қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының нәтижесі. Кейбір киімдерді павлодарлықтардың өздері сыйға тартқан, ал кейбірі зерттеу кезінде табылған. 

Ұлттық киімдерден бөлек тұрмыстық заттар, діни рәсім бұйымдары және музыкалық аспаптар ұсынылған. Мысалы, 1979 жылы музей қорына тапсырылған көне кадило  діни рәсімдерде қолданылған. Бұл зат Павлодар ауданының казак шіркеуінде қолданыста болған.  Ал украин әйелінің көйлегі XX ғасырдың басынді тігілген деген ақпарат бар. Ол зығыр матасынан жасалған.

Музей қорында сондай-ақ Қанат Даржұманның өзі киген шапан сақтаулы. Ол өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы филиалының алғашқы басшыларының бірі болған.