Павлодарда қазақ тілін тегін оқытатын курстың екінші маусымы аяқталды

Павлодарда қазақ тілін тегін оқытатын курстың екінші маусымы аяқталды

Тіл үйренуге жүзден астам адам ниет білдірген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәлімдеуінше, жыл сайын Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асыру жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру аясында өңірде барлық санаттағы азаматтар үшін қазақ тілін тегін оқыту курстары ұйымдастырылады.

- «Ана тілі» орталығында мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында барлық санаттағы азаматтарға арналған тегін қазақ тілі курстарының екінші маусымы аяқталды. Курстың мақсаты – тыңдаушыларды қазақ тілінде жиі кездесетін сөздерді қолдана отырып, еркін және дұрыс сөйлеуге үйрету, сондай-ақ қазақ тілінің орфографиялық, фонетикалық, морфологиялық, лексикалық нормаларын меңгерту болып табылды, - делінген хабарламада.

Оқыту барысында тыңдаушылар күнделікті өмірде кездесетін қарапайым қарым-қатынас фразаларын қолдануды, қарапайым мәтіндерді аударуды, жай сөйлемдерді құрастыруды үйренді. Тегін курсқа 120 тыңдаушы қатысып, соңында тіл үйренушілерге сертификаттар табысталды.

Бүгінгі күні облысымыздың қала, аудандарында да қазақ тілін тегін оқыту жүргілуде. Жалпы облыс бойынша 1097 адам оқытылды.

Сонымен қатар мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған «Тіл керуені» жобасы, қызмет көрсету өкілдеріне арналған тілдік «Start up», «Қазақ тілі онлайн курсы» атты жобалар іске асырылуда.

Тегін қазақ тілі курстарына жазылуға және қосымша ақпаратты 61-84-88 телефоны арқылы алуға болатынын еске саламыз.