Ақсуда шығармашылық пен дәстүр тоғысқан фестиваль өтті

Ақсуда шығармашылық пен дәстүр тоғысқан фестиваль өтті
Фото: Александра Иващенко

«Ақсу толқыны» фестивалінің жаңа маусымы ашылып, тұрғындарға арналған мәдени және ойын-сауық бағдарламалар бастау алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласында дәстүрлі «Ақсу толқыны» жастар фестивалінің жаңа маусымы басталды. Жаз бойы жалғасатын жоба аясында тұрғындар мен қала қонақтарын концерттік бағдарламалар, көрмелер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер мен жастарға арналған ойын-сауық шаралары күтеді.

Ақсу қаласы Сәбит Дөнентаев атындағы мәдениет сарайының директоры Жамиля Есембаеваның айтуынша, жоба жеті жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

– «Ақсу толқыны» жобасын жыл сайын маусым айында ашып, тамыз айына дейін жалғастырамыз. Апта сайын түрлі іс-шаралар өтеді. Сәрсенбі күндері ашық аспан астында кино көрсетіліп, жұма сайын концерттік бағдарламалар ұйымдастырылады. Сонымен қатар тұрғындарға арналған көрмелер, шығармашылық кездесулер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған шаралар өткізіледі, – деді ол.

Фестиваль аясында қолөнер көрмелері мен ұлттық құндылықтарды насихаттайтын алаңдар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Асыл мұра» қоғамдық бірлестігінің көрмесі.

Бірлестік жетекшісі Шәмшия Құсайынованың пайымдауынша, ұйым қазақ халқының салт-дәстүрі мен қолөнерін жастар арасында дәріптеуді мақсат етеді.

– Біз жастарға ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді, қолөнерді, ұлттық тәрбиені насихаттаймыз. Қыздарымызбен бірге өз қолымыздан тіккен камзолдар мен тақияларды, қыз жасауының үлгілерін көрсетіп жүрміз. Басты мақсатымыз – жастардың ұлттық құндылықтарды ұмытпай, оны күнделікті өмірде қолдануы, – дейді қоғамдық бірлестік жетекшісі.

Бүгінде ұйым құрамында 16 әже, бірнеше белсенді әйел және жастар бар. Олар аптасына екі рет бас қосып, қолөнермен айналысады, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін іс-шаралар өткізеді.

Іс-шара барысында Ақсу балалар өнер мектебі оқушыларының шығармашылық жұмыстары да көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеге үшінші сынып оқушыларының 12 жұмысы қойылды.

Өнер мектебінің педагогі Светлана Ольховскаяның сөзінше, бұл жұмыстар балалардың шығармашылық ізденісі мен ішкі жан дүниесін көрсетеді.

– Оқушылар шығармашылық портреттер салды. Бірі өзін бейнелесе, енді бірі достарын салды. Әр жұмыстан баланың арманы, қызығушылығы мен болашаққа деген көзқарасы байқалады. Биыл біз көлемді кескіндеме техникасын пайдаланып, арнайы пастамен жұмыс істедік. Соның арқасында жұмыстар ерекше көрініс тапты, – деп атап өтті педагог.

Көрмеге қатысқан қолөнершілер де өз туындыларын жұртшылық назарына ұсынды. Ақсулық Бақыт Мусина түрлі тоқыма бұйымдар мен сәндік кәдесыйларды көпшілікке таныстырды.

– Бұл менің кәсібім емес, хоббиім. Зейнетке шыққалы он жылдан асты. Үйде бос отырмай, түрлі бұйымдар тоқимын. Кейбірін өз ойымнан жасасам, кейбірін интернеттен қарап үйренемін. Осындай шараларға қатысып, жұмыстарымды халыққа көрсеткен ұнайды, – деді қолөнерші.

Ал Елена Бушмелева алты жылдан бері қолдан тоқылған ойыншықтар жасап келеді. Оның көрмесінде жануарлар, мультфильм кейіпкерлері мен түрлі брелоктар қойылды.

– Зейнетке шыққаннан кейін өзіме сүйікті іс таптым. Барлық ойыншықтарды өз қолыммен тоқимын. Әрқайсысына көп уақыт пен еңбек жұмсалады. Бастапқыда оңай болған жоқ, бірақ тәжірибе жинақтай келе күрделі жұмыстарды да жасай бастадым, – деді шебер.

Фестивальде балалар мен жастарға арналған ойын-сауық алаңдары да жұмыс істеді. Қатысушылар түрлі эстафеталарға, ойындарға және белсенді бағдарламаларға қатысты.

Ақсу қалалық жастар бастамаларын дамыту орталығы қызметкерлерінің айтуынша, жаз бойы жастар мен балаларға арналған түрлі жобалар ұйымдастырылмақ.

– Бүгін балалар үшін көңілді старттар өткіздік. Жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Алдағы уақытта викториналар, квесттер, квиздер, дискотекалар және басқа да танымдық іс-шаралар ұйымдастырамыз. Жаз мезгілінде мұндай бағдарламалар тұрақты түрде өтеді, – деді жауапты мамандар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Ақсу толқыны» фестивалі жаз бойы жалғасып, қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени демалыс пен шығармашылық орта ұсынатын болады.