Павлодарлық театр көрермендерді су жаңа қойылымдармен қуантпақ
Оның екеуі қазақ халқының белгілі тұлғаларына арналады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі Әділет Ақанов мәлім етті.
– Бүгінгі таңда театрсүйер қауымға жаңа қойылымдар дайындап, сценарий жазу үстіндеміз. Оның бірі Оралхан Бөкейдің «Кербұғы» туындысының бейнесінде жасалмақ. Қазақтың тұлғаларында ұмыт қалтырған жоқпыз. Арнайы Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне қойылым дайындалып жатыр. Сонымен қатар театырымызға аты берілген тұлға Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына орай қойылым ұсынылады, – дейді Әділет Ақанов.
Спикердің айтуынша, театрда актерлардың саны артқан. Алматы, Астана қалаларында актерлік мамандығын оқып тәмамдаған мамандар театрдың ұжымына келіп қосылған. Бүгінгі таңда театрда 39 актер өнер көрсетуде.
Әділет Ақановтың айтуынша, театр ұжымындағы актерлардың санына байланысты кез келген қойылымды ойнауға болады.
Айта кету керек, 2023 жыл Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры үшін табысты болды. 2023 жылы театрдың әртістері «Қазақстан» ҰТА түсірген бірталай фильмдерде басты рольдерді сомдады. Олардың қатарында «Қаныш. Қазына» фильмінде театр әртістері Айзана Тасболатова мен Бағила Жылқыбай ойнады. Театрдың талантты актрисасы Гүлжихан Хамитова «ДАРА» төсбелгісімен марапатталды.
Еске сала кетейік, Мәскеуде өткен халықаралық «Подмосковные вечера» фестивальіне қатысып, «Үздік ансамбль» жүлдесін иеленген болатын. Сондай-ақ, қазақ театры Мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIX республикалық фестивалiнде Ш.Құдайбердіұлының «Ұждан» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссер» номианциясында жеңіске жетті. Театр ұжымына 1 миллион 500 мың теңге табысталды.