Павлодарда Алтынсариннің оқушылары айтыстың қос жүлдесін алды

Павлодарда Алтынсариннің оқушылары айтыстың қос жүлдесін алды
Суретті түсірген Ажар Қайрова

«Шаңырақ» орталығында «Жігіттер, шамаң келсе, маған ұқса!» атты жас ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жыр аламаны Ұлыстың ұлы күні мен әнші-сазгер Жаяу Мұса Байжанұлының 190 жылдығына арналды.

–   Оқушылар айтысы жыл сайын өткізіліп отыратын дәстүрге айналған. Облыс бойынша 7-18 жас аралығындағы он екі ақын қатысып отыр, – деді орталықтың басшысы Замира Сұлтанова.

Жыр додасына айтыс ақындары және жыршы-термешілердің халықаралық мүшесі, айтыскер ақын Абзал Қабдраш, Мәрес Байрон, Саяхат Оразбек, Марлен Жамбыл, Нұрбек Бекеев баға берді.

–  Кішкене кезімде қарындастарыммен өлең құрастырып жарысып ойнайтын едік. Өзім айтыскер ақын болуға қызығып, арнайы ақындар дайындайтын үйірмеге қатысып жүрмін. Келешекте ақын болсам деймін, – деді № 38 мектептің оқушысы Елжан Өнерханұлы.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бас жүлдені Ы. Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушысы Охиттан Нұриден жеңіп алып, 150 мың теңгені қанжығасына байлады.

Бірінші орынды аталған мектептің оқушысы Мейіржан Баршынбай иеленіп, 100 мың теңге алды. Екінші орынды Баянауыл ауданынан Нұрақымет Мәуіт пен көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы Әділет Айтжанов бөлісті. Үшінші орын «Жас дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Батырхан Әлімге, Ризат Амантай мен № 33 мектебінің оқушысы Қажет Еркешке бұйырды.

Сондай-ақ, қатысушыларға Абай Құнанбайұлы, Жаяу Мұса Байжанұлы, Қадыр Тайшықов, Қалмұқан Исабаев және Иса Байзақов атындағы арнайы жүлделер табыс етілді.