Қылқалам шеберлері Баянауылдың сұлулығын ақ қағазға түсірді

Қылқалам шеберлері Баянауылдың сұлулығын ақ қағазға түсірді
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Баянауыл ауданында көрнекті ғалым, геолог Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Баянауыл палитрасы» атты VI республикалық жазғы пленэр шеберлік сағаты өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, жас қылқалам шеберлері Қаныш Сәтбаевтың туып-өскен, бала күнінде ойнап қызықтаған жері Арқаның сұлу өлкесі Баянауыл жерінің табиғатын ақ қағаз бетіне сала білді. Іс-шараға Қарағанды, Шахтинск, Павлодар, Екібастұз қалаларының көркемсурет мектептерінің, лицейлердің, өнер мектептерінің 11-17 жас аралығындағы оқушылары мен олардың ұстаздары қатысты.

Пленэр аясында жас суретшілер Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Өнер академиясының академигі, «Павлодар облыстық Суретшілер одағы» ҚБ басқарма төрағасы Өсербай Шурановтан және Қазақстан Республикасы суретшілер одағының мүшесі Сейсенғали Тіленбаевтан сабақ алды.

Жазғы плэнер кезінде балалар мен олардың педагогтері Жасыбай көлінің жағасында орналасқан «Березка» демалыс үйінде жайғасып, табиғат аясында сурет салып, квест – ойындар ойнады, жазғы демалыстарын қызықты өткізді.

Көркем сурет мектептерінің ұстаздары Елена Збанацкая «Жаз тарихы», «Шығыс анары», Ботагоз Сагнаева «Этно-маска үндері», «Жазғы коллаж», Азамат Рахметов «Сылақ фигураларының суреті», Рауза Ахметова «Декоративті палитра», «Жазғы көңіл күй», Рамил Шушаев «Табиғат күйлері» атты шеберлік сағаттарын жас суретшілерге қызықты өткізді.

Сонымен қатар қатысушылар Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай батыр ескерткіші, Торайғыр көлі, Академик Қаныш Сәтбаев мұражайына экскурсияға барды.

– Қаныш ағамыз халықтың сүйген ұлы, бар өмірін, білімін ел игілігі үшін сарп еткен кісі. Сондықтан оның әдемі жарқын бейнесі біздің жас ұрпақтар үшін аса қадірлі, аса қымбат. Бүгінгі шараның басты мақсаты – біздің жас суретшілер Қаныш ағаның туып-өскен жерімен танысып, ұлы тұлғаның туған жерін бейнелеу, – дейді Екібастұз қаласы көркемсурет мектебінің басшысы Ғинаят Сыздықов.

Айта кетсек, «Баянауыл палитрасы» жобасы 2016 жылдан бері жыл сайын облыстық деңгейде өткізіліп келеді. 2022 жылдан бастап жоба республикалық деңгейде жүзеге асырылуда.

 Жазғы пленэрді әлеуметтік серіктестік аясында «Богатырь Көмір» ЖШС-нің қалалық кәсіпорнының қолдауымен Павлодар облысының білім беру басқармасы мен Екібастұз қаласы білім беру бөлімінің балалар көркемсурет мектебі ұйымдастырды.

Іс-шараның салтанатты жабылуы 15 маусым күні өтеді. Бұл күні ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға сертификаттар табыстайды.