Жүлде қоры – миллион теңге: Павлодарлық арулар ұлттық киім тігіп жарысты
Шараға 40-қа жуық үміткер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Құлагер» ипподромында өткен бәйгеден Қазақстан чемпионатының аясында қыз-келіншектер арасында «Ұлттық киім – ұлт ажары» байқауы ұйымдастырылды. Аталмыш байқауға 33 үміткер қатысты. Бұл байқаудың ерекшелігі – қатысушылар киімдерді өз қолымен тігуі қажет. Байқауға 16 және одан жоғары жастағы қыздар мен әйелдер қауымы қатысты. Додаға қатысушы Гаухар Көксінова ұмыт қалған ұлттық киімді жаңғыртпақ.
– Байқау жайлы әлеуметтік желіден көрдім. Көйлекті тек бір жұма бұрын тігіп бастадым. Кеш бастасам да сәтті шықты деген ойдамын. Басымдағы бұйым ежелгі қазақ қыздары киген, бүгінде ұмытылып бара жатқан – сораба бас киімі. Оны түрлі күміс әшекейлермен безендіріп, байқауға киіп келдім,- дейді Гаухар Көксінова.
Қатысушының еңбегі еленбей қалған жоқ. Қазылар алқасы Гаухардың киген киімін үздік санап, бас жүлдеге лайықты деп таныды.
Байқауда аруларға әділ бағасын беріп, қазылық еткендердің бірі «Сағым жылдар» ансамблінің төрайымы Бақытжамал Елеукенова. Қазылар алқасының мүшесі қыздардың бұрымдарына дейін қарайтынын атап өтті.
– Бұл байқауға бұрымды қыздардан бастап, 60-ты еңсерген апалар да қатысып жатыр. Шара барысында киімнің қазақилығына, әдемілігіне, өзгешелігіне, оюларына, әшекейлеріне тіпті бұрымдарына да назар аударатын боламыз. Бұл байқаудағы киімдер жастарға үлгі болса деймін. Ұлттық киімді тек мерекеде ғана емес, күнделікті тұрмыс-тіршілікте киіп жүрсе дәстүріміз бен салтымыз ұмыт қалмайтыны анық,- дейді Бақытжамал Елеукенова.
Байқауға 33 үміткер қатысты. Бірінші орынды сораба киген 5 баланың анасы Гаухар Көксінова алса, екіні орынға Назымгүл Сәкенова жайғасты. Үздік үштікке Данагүл Саламбекова ілікті. Төртінші орын Аққулы ауданынан келген Бүлдірген Амангелдіге бұйырса, төртінші орынды Гүлайым Акумбаева алды.