Ақсуда өнеркәсіп аймағынан мүлік ұрлаған қылмыстық топ құрықталды

Ақсуда өнеркәсіп аймағынан мүлік ұрлаған қылмыстық топ құрықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мүлік 10 миллион теңгеден астам қаражатқа бағаланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ақсу қаласында прокуратураның үйлестіруімен полиция қызметкерлері өнеркәсіп нысанынан ұрлық жасаған қылмыстық топтың заңсыз әрекетінің жолын кесті.

ؘ– Күдіктілер алдын ала сөз байласып, түнгі уақытта кәсіпорын аумағынан түсті металды жасырын түрде ұрлап шыққан. Ұрланған мүлікті тасымалдау үшін жеке автокөлік пайдаланылған. Алдын ала есептеулер бойынша, заңсыз әрекеттен келген шығын көлемі 10 миллион теңгеден асады, – деді облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы Жасұлан Танжанов.

Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын бір мезетте бірнеше мекенжайда жүргізді. Тінту барысында байланыс құралдары мен қылмыс жасауға қолданылды деген күдікпен көлік құралдары тәркіленді. Сонымен қатар, ұрланған мүлікті өткізетін орын анықталды.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта ұсталған азаматтардың өңір аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.