Жүргізуші куәлігінен айырылған павлодарлық қайта мас күйінде ұсталды
Жүргізушінің мас екені сараптама арқылы расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, полиция көлік құралын мас күйінде басқаруға қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға және жолын кесуге ерекше назар аударып келеді. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, кейбір жүргізушілер көлікті мас күйінде басқаруды жалғастырып, өз өмірі мен өзге жол қозғалысына қатысушылардың өміріне қауіп төндіруде.
Жыл басынан бері өңірде мас күйінде көлік басқарған 1166 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
– Мысалы, «Омбы – Майқапшағай» автожолында полиция қызметкерлері алкогольдік мас күйде болған Audi A4 маркалы автокөліктің жүргізушісін тоқтатты. Медициналық сараптама нәтижесінде оның мас екені расталды. Тексеру барысында былтыр қараша айында дәл осындай құқық бұзушылық үшін сот шешімімен жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылғаны анықталды. Қазіргі уақытта көлікті мас күйінде басқару дерегі бойынша полиция тексеріс жүргізіп жатыр, – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері рецидивист жүргізушілердің мұндай әрекеттері айналадағы адамдар үшін үлкен қауіп төндіретінін және қолданыстағы заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатынын атап өтті.