Павлодар облысында жантүршігерлік жол апатында зардап шеккендердің жағдайы анықталды
Олардың үшеуі де Ақсу қаласының ауруханасына жатқызылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1993 жылы туған ер адам көптеген жарақаттар алған. Бірінші дәрежелі травматикалық шок тіркелді. Жағдайы тұрақты, ауырлығы орташа, бақылау кезеңінде оң динамика байқалады.
– 1994 жылы туған әйел адам жүктіліктің 21 аптасында екені белгілі болды. Жарақаттар, мидың шайқалуы, көгерген жара анықталды. Жағдайы тұрақты, травматология бөлімшесінде травматолог дәрігерлердің, акушер-гинекологтардың тұрақты бақылауында, – дейді басқармада.
1979 жылы туған ер адамның екі жақтан бірнеше қабырғасы сынған. Өкпе жарақаттары бар. Екінші дәрежелі травматикалық шок алған. Екі операция жасалған. Реанимациялық бөлімшеде емдеуді жалғастырады, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жағдайы ауыр деп бағалануда.
Естеріңізге сала кетейік, 9 сәуірде сағат 20:30 шамасында Ақсу қаласының маңындағы Ленин - Курчатов және Ақсу - Үштерек автожолдарының қиылысында Toyota Corona және Audi-80 автокөліктердің соқтығысуы орын алған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2021 жылы туған Audi-80 автокөлігінің кішкентай жолаушысы – екі жасар сәби оқиға орнында алған жарақаттарынан қайтыс болды.