Аққулыда алғаш рет соя өсіріледі
Кәсіпкер сояны сату үшін салған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аққулы ауданының әкімі Руслан Мұқанов аймақ басшысы Асайын Байхановты ауданның көктемгі дала жұмыстарының барысымен таныстырды.
Ағымдағы жылы ауданда жалпы егіс алқабы – 19,104 мың гектар. Дәнді дақылдар бойынша өткен жылмен салыстырғанда өсім 101,2, арпа 103,5 пайызды құрады. Бақша дақылдары – картоп, көкөністер өткен жылдың деңгейінде.
Руслан Мұқанов майлы дақылдар бойынша биыл ауданда алғаш рет 420 гектарға соя отырғызылғанын атап өтті. Жамбыл ауылдық округіндегі «АгроСервис-Аққу» ЖШС былтыр картоп салған болса, биыл соямен айналысуды жөн көрген.
– Біздің облыста негізі соя өсіретін шаруашылықтар жоқ. Бірақ соя үшін күн ыстық болуы керек, – деді Асайын Байханов.
Сондай-ақ, кәсіпкер 4000 тоннаға арналған көкөніс қоймасын салмақ. Жобаның сомасы – 1 миллиард 200 миллион теңге. Құрылыс биыл іске асырылып, келесі жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Бұл ретте, аудан әкімі 2024-2025 жылдарға арналған инвестициялық жобалар жайлы мәлім етті.
– Атап айтқанда, «Дәнекер» шаруа қожалығы 932 гектарға қосымша суармалы учаске суына жоба әзірлеуде. Ұзындығы 10 километр су астында қуаты 2100 метр текше метр қосымша сорғы станциясының құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге қаражат қажет, – деді Руслан Мұқанов.
Сонымен қатар, «Ардақ» шаруа қожалығы ауданы 240 гектар суармалы учаске жобасы мен екі жаңбырлатып суару машинасын сатып алуды жоспарлап отыр. Инвестиция сомасы – 220 миллион теңге.