Павлодар облысында табысы ең жоғары мамандықтар қандай
Биыл техникалық және және кәсіптік білімі бар кадрларға қажеттілік облыс бойынша 10 838 адамды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Статистика мәліметтері бойынша облыс бойынша 150-300 мың теңге аралығындағы ең жоғары орташа айлық жалақы дәрігер, оқытушы, инженер, экономист, заңгер, бухгалтер, кран машинисі, экскаватор машинисі, бульдозер машинисі, слесарь, газ дәнекерлеуші, темір ұстасы, токарь секілді мамандықтарда кездеседі.
Аспаз, хатшы, күзетші, сатушы, тігінші, наубайшы, көлік жүргізуші, ауыл шаруашылық саласының тракторист-машинисі, от жағушы, күзетші, қосалқы жұмысшы секілді мамандықтар иелері 50-150 мың теңге аралығындағы төмен орташа айлық жалақы алады.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова айтып өткендей, сұраныс пен ұсыныстың мұндай сәйкессіздігі 3-5 жыл перспективасында кадр тапшылығына әкеп соқтыруы мүмкін.
Облыс бойынша өңдеу және құрылыс саласында жоғары және орта білікті инженерлік-техникалық қызметкерлердің, жоғары және орта білікті медицина қызметкерлерінің, жоғары және орта білікті пәндік мамандануы бар оқытушылардың бос жұмыс орындары барынша сұранысқа ие. Экономистер, заңгерлер аз сұранысқа ие.
- Алайда, өңірлік еңбек нарығын зерделеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жеткіліксіз болып қалуда, бірқатар проблемалар бар, - дейді Альмира Дисюпова. – Мәселен, бүгінде барлық жұмыс берушілер экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына және сыртқы факторларға байланысты кадрларға деген қажеттілікті болжай алмайды. Тағы бір мәселе – сұранысы жоғары жұмысшы мамандықтардың табыс деңгейінің төмендігі.
Қазіргі уақытта облыста 1 800-ден астам жұмыс орнына 353 кәсіпорында квота белгіленді. Бүгінгі таңда квота 79,2 процентке тотырылды. Халықты жұмыспен қамтудың мемлекеттік шараларына қатысу үшін облыс тұрғындары тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуі, не enbek.kz порталы арқылы онлайн өтінім беруі қажет.
Халықты жұмыспен қамту мәселелері тұрақты бақылауда. Ол үшін облыста жұмыспен қамту картасы бекітілді. Оның шеңберінде 25,2 мың азаматты табыс өзімен қамту жоспарлануда. Бүгінде 11 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылды. Бұл көрсеткіштер зейнетақы аударымдары мен электрондық еңбек шартының болуымен тексеріледі.
Оған қоса, кәсіпкерлік негіздері бойынша 2 276 адам оқытылып, 129 адам грант алды. Биыл 157 адамға барлық сомасы 785 млн теңге шағын несие беру жоспарланған. Қазіргі уақытты «Аграрлық несиелік корпорациясы» АҚ облыстық филиалына 106 өтінім келіп түсті, 59-ы мақұлданды және жалпы сомасы 20 млн теңгеге төрт адам микрокредит алды.
Бүгінде облыста мүгедектігі бар 15 мыңнан астам еңбекке қабілетті азамат тұрады, олардың 31% ғана белсенді еңбекке тартылған. Облыста бұл көрсеткішті 40 процентке жеткізу көзделуде.
- Арнайы жұмыс орындарын ашқан кәсіпкерлердің шығындары 300 АЕК немесе 1 млн теңге мөлшерінде өтеледі. Биыл арнайы жабдықталған 13 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оған 13,5 млн теңге бөлінді. Сондай-ақ, мүгедектігі бар азаматтарға үш жыл ішінде 60-70% еңбекақысы субсидияланады, - дейді Альмира Дисюпова.
Бүгінгі күні облыс бойынша электрондық еңбек биржасында мүгедектігі бар адамдар үшін оператор-логист, гипермаркеттің жедел желі операторы, кассир, электр жабдықтары мен тұрмыстық техниканы жөндеу шебері, қоймашы, шахмат бойынша жаттықтырушы, персоналды іріктеу жөніндегі менеджер, вахтер, сатушы-консультант, офис-менеджер секілді бос орындар орналастырылған.