Павлодарлық жеті зейнеткер алаяқтықтың құрбаны болды

Павлодарлық жеті зейнеткер алаяқтықтың құрбаны болды

Әр зардап шеккен тұрғын бір миллион теңге көлеміндегі ақшасынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Рolisia.kz ақпараттық медиа-порталының мәліметінше, Павлодар облысының жедел қызметкерлері алаяқтарға жұмыс істеген курьерді ұстады. Ол Ақсу қаласының 18 жастағы тұрғыны болып шықты.  

Ұсталған дроппер Telegram мессенджері арқылы жұмыс тапқан. Ол белгісіз тұлғалардың нұсқауы бойынша зейнеткерлерден ақша алып, банктік шоттарға аударған. Атқарған «жұмысы» үшін алынған қаражаттың 10 пайызын өзіне алған, – деді туралы Павлодар облысы полиция департаменті криминалдық полиция бастығы Балғабай Қапаров.

Алаяқтардың мұндай схемасынан жеті қарт алданып қалған. Алаяқ құрбандарға қоңырау шалып, болмаған жол апатта балалары мен немерелері кінәлі екен деп сендірген. Осы әңгімеге сендіру мақсатында жалған туыстары хабарласып ақпаратты растаған. Зейнеткерлер қоңырау шалушыға сеніп,  барлық жинаған-тергендерін курьер арқылы беріп жіберіп отырған. Алаяқтардан зардап шеккен жалпы шығынның сомасы шамамен 7 млн теңгені құрады.

Алаяқтық фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған адамның осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі, – дейді Балғабай Қапаров. 

Павлодар облысының полиция департаменті күдікті қоңыраулар түскен кезде телефонды қойып, балаларының  нөмірін теруді немесе полицияға қоңырау шалуды сұрайды.

Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті