«Баланы мектепке жинайық»: Ертіс ауданында 1 млн теңгеге қолдау көрсетілді
Балаларды мектепке жинауға депутаттық корпус көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясы Ертіс ауданының депутаттық корпусы «Бақытты отбасы» партиялық жобасы шеңберінде «Жақсылық жаса» ұранымен форум және азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізді.
Форумның негізгі мақсаты – әлеуметтік мәселелер бойынша балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу. Материалдық көмек көрсету бойынша балалардың алдын ала тізімдері жасалды. Партия депутаттарымен 1 миллион теңге сомасында қайырымдылық көмек көрсетілді.
– Қазақстан Республикасының әрбір азаматы баланы мектепке дайындау үшін әр балаға көңіл бөліп, қамқорлық жасауда қолдан келгенше көмек көрсете алады. Біз де шетте қалмай, «Баланы мектепке жинайық» акциясын қолдадық. Әрбір азаматты осы акцияға қатысуға шақырамын, – дейді «AMANAT» партиясы Ертіс аудандық филиалының атқарушы хатшысы Бауыржан Багиенов.
Айта кету керек, азаматтарды қабылдау білім беру бөлімінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қатысуымен жүргізілді. Қабылдау барысында азаматтар толғандырған сұрақтар қойып, оларға толық жауаптар мен ұсынымдар алды.