Павлодарда сарбаздар білім гранттарын ұтып алды

Павлодарда сарбаздар білім гранттарын ұтып алды
Фото: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі

Білім грантын ұтқан сарбаздарға шәкіртақы  беріледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, 5512 және 6679 әскери бөлімдерінің  мерзімді әскери қызметшілері 32 білім грантын ұтып алды. Әскери бөлім білім сертификаттарын Отан алдындағы борышын өткерген сарбаздарға салтанатты жағдайда табыстады.

Ұландықтар «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы арқылы еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарынан білім алудың таптырмас мүмкіндігіне ие болды. Автоматты түрде жүйеленген бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, әскери өмірдегі жауынгерлік дағдылар, түрлі іс-шараларға белсенділікпен қатысуы да ескеріледі.

Әскери борышымды атқару өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі болды, мінезім шыңдалды, төзімділікке үйретті. Грант иегері атану – білім алуға мүмкіндік қана емес, әскери міндетімді атқару барысында жұмсаған күш-жігерімнің мойындалуы деп білемін, – деп өз қуанышымен бөлісті Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті  қатардағы жауынгер  Мәди Молдашев. 

Сонымен қатар, студенттер жатақханасында тұруға  мүмкіндік қарастырылған. Сарбаздарға елдегі 80 университеттің бірін таңдау мүмкіндігі берілген.  

Айта кетейік, Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша 79 сарбаз білім грантына ие болды.